Бірлескен іс берекелі

1966 Жаңалықтар

Мәдениет министрлігі мен Атырау облыстық әкімдігі тарихи-мәдени мұра нысандарын пайдалану және қорғауға лайықты жағдай жасау мақсатында екіжақты ынтымақтастық шарттарын реттейтін меморандумға қол қойды.

1966

Көне қала Сарайшықты сақтап, кейінгі ұрпаққа мұра ретінде қалдыру шарттарын кеңінен талқыға салған алқалы жиынның пленарлық отырысы барысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев құнды құжатқа қол қойып, бірлесе еңбек етуге уағдаласты.

Қол қойған тараптар, яғни министр мен аймақ басшысы тарихи-мәдени нысандарды сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, бұл бағыттағы зерттеу жұмыстарының да мәні зор екендігін баса айтты. Сол секілді, бұл жұмыстар патриоттық тәрбиені насихаттаудың да бірден-бір тәсілі екенін айта келе, тұтастай Қазақстанның туристік келбетін дамыта түсуге зор ықпал ететіндігін де  жеткізді.

Аталмыш министрлік пен әкімдік меморандум аясында ғылыми зерттеулерді археологиялық тексерулерді, консервациялау және қалпына келтіру жұмыстарын жандандырып, аймақтағы мәдени ахуал мен тарихи ескерткіштерді қорғау сұрақтарын тиімді шешуді көздейтін ұзақ мерзімді және құрылымдық серіктестікке мүдделі екендіктерін танытты.

Екіжақты келісім аясында негізінен төмендегі бағыттарды басшылыққа ала отырып, жұмыстану көзделуде: Атырау облысындағы тарихи ескерткіштерді кешенді зерттеу, соның ішінде құрамына Сарайшық, Ақтөбе-Лаэти, Ұшқан қалашықтары мен «Тас кешу» керуен сарайы кіретін «Хан ордалы Сарайшық» кешенін толық зерттеу және осы жерде туристік кластер құру.

Сол секілді, тараптар көне Сарайшықтың Жайық суына жұтылуына жол бермеу мақсатында инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізуге, яғни өзен арнасына өзгеріс енгізбестен 1500 метрлік бөгет салу жұмыстарын жүргізуге келісім білдірді.

Сырын бүккен ескі шаһардың құнды жәдігерлерін мейлінше қорғау мақсатында нысанның шекарасын бекіту, айналасын қоршау, тиісті айқындама белгілерін орнату секілді ұйымдастыру жұмыстарын да жеделдету жөнінде екіжақты келісілді.

Қол қою барысында жыл сайын атқарылуы тиіс нақты міндет-меже бекітіліп, алға қойылған мақсатты жұмыстарды шешу жолында бірлесе жұмыстану, кездескен проблемалық сауалдарды екіжақты келісілген түрде шешу ұйғарылды.

Айта кетелік, меморандум қол қойылған күннен бастап күшіне енді және үш жыл мерзімге жарамды.

Өз тілшіміз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз