Атырауда Президенттік оркестр мерекелік концертін қойды (ФОТО)
Атырауда Президенттік оркестр мерекелік концертін қойды. Оған 1 мыңға жуық көрермен жиналды, деп xабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
ҚР мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің музыкалық бағдарламасына атыраулықтар тұңғыш рет куә болып отыр. Өнер ұжымы республикалық конкурстар лауреаттарының орындауындағы 16 әннен тұратын музыкалық бағдарламаны ұсынды. Аталмыш бағдарлама «Кең далам», «Менің жерім, менің елім», «Елбасы», «Ұлы дала» т.б. әндерден құралған.
Шара соңында сөз алған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Астанадан келген делегацияға алғысын білдірді.
«Мен өз тарапымнан ҚР Президентінің кеңсе басшысы Махмұд Базарқұлұлына, кітапхана ұжымына, Президент оркестрінің басшылығына, ұжымына қош келдіңіз дей отырып, арқалап келген ыстық ықыластарыңызды атыраулықтар жылы қабылдады деп сенім білдіремін. Көрме аясында Президент оркестрінің тамаша музыкалық кешін тамашаладық. Президент оркестрі өзге мемлекет, әлемдік державалар басшылары келгенде өз өнерлерін көрсетеді. Елбасы нұсқауымен оркестрдің біздің жерімізге келіп өнер көрсетуі үлкен абырой. Баршаңызды көрмені тамашалауға шақырамын. Көрмеде бұрын-соңды болмаған ақпараттармен танысып, Елбасының елге, жерге деген ниетінен туындаған игі істері туралы мағлұмат ала аласыз», — деді өңір басшысы.
Хорлан Смадияр