«Көгілдір отынның» бағасы

оны  көтеруге  не  себеп  болып  отыр?

Маусымның 17-cі күні Астанада «ҚазТрансГазАймақ» компаниясы қоғамдық тыңдау өткізеді. Онда аталған компанияның Атырау облыстық филиалы тарифті өсіруге байланысты мәселе көтергелі отыр. Егер монополист ұсынған тарифтік реттеулер мақұлданатын болса, Атырау облысындағы газдың бағасы еселеп өсуі мүмкін. Жұртшылық арасына тараған бұл хабар «Нұр Отан» партиясының назарынан да тыс қалмады.

Осы мәселеге орай партия жанындағы кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес отырысы өтті. Оған модераторлық еткен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Атырау облыстық филиалының директоры Асылбек Жәкиев мәселені ушықтырмас үшін, тарифтің негізсіз өсуін тоқтатудың барлық жолын қарастыру керектігін айтты.

Тарифті қымбаттатуға не себеп болды? Осы сұраққа жауап берген «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының директоры Мақсұт Әбуов жергілікті жерде жүзеге асатын жаңа жобалар мен апаттық жағдайлардың алдын алу үшін атқарылатын жұмыстардың  бағаны көтеруге итермелеп отырғанын хабарлады. Яғни, салаға байланысты инвестициялық жобалар төрт жыл ішінде жүзеге асырылуы керек екен.

– «ҚазТрансГазАймақ» – мемлекеттік табиғи монополиялар субъектілері регистрінің республикалық бөліміне енгізілген. Мұндай  субъектілердің қызметін үйлестіру Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитет арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан, комитетте бекітілген ережеге сәйкес, қоғамдық тыңдау өкілетті орган белгілеген орында ғана өткізіледі. 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап, күні бүгінге дейін компанияның Атырау өндірістік филиалы үшін бір мың текше метрі 1 266,54 теңге мөлшеріндегі газды тасымалдауға өтемдік тариф қолданылады. Өтінімде 2016-2020 жылдары газ тасымалдаудың тарифі орташа есеппен төрт жылға бөлгенде, бір мың текше метрге 5 701,42 теңге құрауы тиіс екенін көрсеткен, яғни, бұл қолданыстағыдан 4,5 есе көп, – деді ол.   

Бір таңқаларлығы, тарифтің қанша пайызға өсетіні әлі күнге дейін белгісіз.

Еңбек ардагері Қали Әубәкіров «бұл – тұтынушылар құқығын шектеу» деген пікір айтты. «Жергілікті халық қатысуы тиіс  қоғамдық тыңдау неліктен Астанада өтуі керек? Және ол жаққа көпшілік тұрғындар жете де алмайды. Мәселе өте күрделі. «ҚазТрансГазАймақтың» жерасты құбыр-лары үшін жұмсалатын шығыны бюджеттен төленеді. Сонда олар халықтан өндіріп алған қаржыны қайда жібереді? Бүгінгі пайыздық шығынның өзі тұрғындарға оңайға соғып жатқан жоқ. Ал, қауіпсіздік – мүлде бөлек тақырып. Газға байланысты орын алған апаттық жағдайлардан жылына ондаған адамның ажал құшатыны да жасырын емес. Сондықтан, газдың құнын көтеру негізсіз» деген ардагер қоғамдық тыңдауды жергілікті жерде өткізудің жолдарын қарастыруды ұсынды.

Талқыға түскен тақырыпқа байланысты жергілікті кәсіп-керлер де ашық пікірлерін жеткізді. «Газ бағасы көтерілсе, өндірілетін өнім құны да шарықтап, соңында тауар бағасы қолжетімсіз болады. Сәйкесінше, өтімділігі де төмендеп, кәсіпкерлерді құлдырау ғана күтеді»  дейді бизнесмендер.

Мәселеге араласқан облыстық мәслихат депутаттары жағдайдың ушығуына компанияның өзін кінәлады. Яғни, «ҚазТрансГазАймақ» халықпен жақын араласып, ашық жұмыс жүргізбеген. «Компания тұтынушыларға мәліметтерді жөнді түсіндірмей, өздерін тым жабық ұстайды» деген депутаттар корпусы мәселені тұрақты комиссия отырысында қарайтын болып шешті. Және бизнес өкілдеріне байланысты тарифті реттеу жайын да күн тәртібіне шығаратын болды.

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Таубаев өз сөзінде «ҚазТрансГазАймақ» АҚ қызметтік ақпараттары жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін сайт арқылы да жұмыс жүргізіліп жатқандығын айтты. Сондай-ақ, хаттамамен Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитетін хабардар етуді ұсынды. 

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз