Атырауда педофилге қатысты іс бойынша сот басталды
Атырау облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты 8 жастағы қызға зорлық жасады деп айыпталған 28 жастағы Арман Рсалиевтің ісін қарауды бастады. Бұл туралы редакциямызға аталмыш соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Бесікті кентінің тұрғыны үстінен қозғалған іс бойынша сот 6 қыркүйекте басталды. Арман Рсалиев ҚР ҚК-нің 120-бабының 4 бөлігі 10, 14 тармақтары және 99-баптың 2 бөлігі бойынша айыпталып отыр. Тергеу мәліметтері бойынша, 8 жастағы қыздың көршісі ішімдікке мас болып, оны Жайық өзенінің жағасына алдап апарып, зорлаған. Қылмысын жасыру үшін оқушыны өзенге батырып жіберген. Сот жабық режімде өткізілуде.
Еске сала кетсек, 8 жасар Айкөркем Алдамжар биыл 15 маусымда мектептегі лагерьден оралмаған. Қыздың шешесі ол келмеген соң полицияға арызданған. Оқушының денесін іздеу 5 күнге созылған.
Нұрсұлтан ЕРТУҒАНҰЛЫ