Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыҚоғам

Атырауда құны 140 млрд. теңге болатын бес ЭКСПО жобасы жүзеге асуда (ФОТО)

Атырауда құны 140 млрд. теңге болатын бес ЭКСПО жобасы жүзеге асуда. Сондай-ақ, тағы да 23  жобаны пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте айтты.

WhatsApp Image 2017-10-20 at 11.35.23

Аймақ басшысының айтуынша, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне Атырау облысынан 82 902  адам (жоспарланғаны 65 мың адам) барған. Оның ішінде мектептер мен колледждердің 13 мың оқушысы және оларды апарған 2 мыңнан астам мұғалім мен медицина қызметкерлері бар. Бұл — республика бойынша жоғары көрсеткіш.

Атырау облысының әкімі қазір аймақта «Жасыл энергия» технологиясы бойынша жалпы сомасы 140 млрд. теңгенің 5 жобасы жүзеге асырылып жатқанын айтты. Олардың бәрі де «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде назарға ұсынылды.

Нұрлан Ноғаев, сондай-ақ, мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттер бойынша аймақта 1,6 млрд теңгеге 106 жоба жүзеге асырылатынын хабардар етті. Оның 1,088 млрд теңгесі – кәсіпкерлердің демеушілік қаражаты негізінде жүзеге асады.

photo5427256993648846862

Айта кету керек, 2017 жылы Атырау облысында 1-4 сыныптарда оқитын 54 418 оқушы және әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары тегін ыстық тамақпен қамтылды. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 2135,8 теңге бөлінген.

Ағымдағы жылы Үдемелі Индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өңірде жалпы сомасы 5 млрд. теңге болатын 5 өндірістік жоба жүзеге асады, оның 4 жобасы іске қосылып, 299 жұмыс орны құрылды. Негізгі капиталға инвестиция көлемі 1792,5 млрд. теңгені құрады.

Шағын және орта бизнес саласында 43 142 субъект тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 106 пайызға артып отыр. 2017 жылдың қаңтар-маусым айларында шағын және орта бизнес саласында өндіріс көлемі 53,3 %-ға өсіп, 655,2 млрд. теңгені құраған. Нәтижесінде, 121,4 мың адам жұмыспен қамтылыпты.

photo5427256993648846861

Брифинг кезінде белгілі болғандай, «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жалпы ауданы 135,6 мың шаршы метр 675 пәтерлік 13 үй пайдалануға беріледі, сонымен қатар жалпы ауданы 92,3 мың шаршы метр болатын 1332 пәтерлі 24  несиелік тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Атырау облысында 2017 жылы 497,9 шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 136,8%-ға артық.

Жиында жол құрылысы жайы да айтылды. 2017 жылы аймақта 296,6 шақырымдық жол салынған. Сонымен қатар, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, Telegram қосымшасында «Атырау облысы әкімдігі» чат-арнасы ашылғаны туралы да айтты.

photo5427256993648846868 (1)

«Мемлекет басшысының бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған — «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын басшылыққа ала отырып, ашық әкімдікті қалыптастыруға қадам жасадық»,-деді Нұрлан Ноғаев. «Чат-арна биыл 7 қыркүйекте ашылды, ол тұрғындардың мемлекеттік органдарға жолдаған ұсыныстары мен сұраныстарына жедел жауап қайтаруға бағытталған».

Облыс әкімінің айтуынша, чат-арна жұмысын бастағалы 1 мыңға жуық сауал келіп түскен. Қазір топта 900 адам бар. Бір сауалды өңдеп, шешу үшін 1-2 жұмыс күні кетеді. «Смартфон әр адамда бар қазіргі кезде мұндай қадам халықтың билік органдарына деген сенімін арттырады, жергілікті атқарушы билік пен тұрғындар арасындағы өзара қарым-қатынасты жақсартуға мүмкіндік береді»— деді аймақ басшысы.

Айқара Ғұмар

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button