ТАЗАЛЫҚ ТАБАЛДЫРЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

Күздің алғашқы сенбілігі өткен 14-ші қыркүйекте қаладағы біраз мекеме, кәсіпорын, білім беру, денсаулық сақтау ұжымдары айнала тазалығы үшін бір кісідей білек сыбана кірісіп, жұмыс істеді. Қаладағы көптеген мәдениет, білім беру ұйымдары, өндірістік мекемелер ұйымшылдықпен шығып, белсенділік көрсетті.

 Сенбілік серпінді іске ұласты

Шаһар бойынша тоғыз мөлтекауданда жұмыс ұйымдастырылды. Ерікті еңбек мерекесі қалаға қарасты барлық селолық, ауылдық округтерде жалғасын тауып, сенбілікке жергілікті тұрғындармен бірге жоғары және арнаулы орта, кәсіптік білім беретін оқу орындарының студенттері мен оқушылары қатыстырылды. Тұтастай алғанда, тазалық жұмыстары 17 учаскеде жүргізіліп, жоспарланған іс-шаралар толығымен қамтылды.
Бірден айта кету керек, игі бастамаға мұрындық болған қалалық әкімдік аппараты мен салалық бөлімдердің қызметкерлері басқаларына үлгі көрсетіп, сенбілікке бірінші болып шықты. Әсіресе, қалалық білім, мәдениет және тілдерді дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, қаржы бөлімдері ұжымдарының алғашқылардың қатарында іске кіріскенін көзіміз көрді.
Осы шаруаның басы-қасында жүргендердің бірі, қала әкімі аппараты ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Айгүл Мұхамбетқалиеваның мәлімдеуінше, барлық дербес бөлімдерден (ұзын саны 14) сенбілікке 100-ден астам адамның қатысуы қамтамасыз етілген. Өзіміз де куә болғанымыздай, былайғы күндері кеңседе, үстел басында отыратын мемлекеттік қызметкерлер бұл күні қолдарына қолғап киіп, күрек, тырма, сыпырғы алып, Жайық өзенінің оң жақ жағалау бөлігін тазалауға атсалысты. Өздеріне бөлініп берілген, облыс әкімінің резиденциясы ғимаратынан бастап, жаяу жүргінші көпіріне дейінгі аралықты қамтып, жағаны жауып кеткен жабайы арамшөптер мен шашылған лас-қоқыстардан тазартты. Сол жерді жағалай орналасқан жеке тұрғын сектордың ауласына дейінгі атшаптырым аумақты аз уақыттың ішінде айнадай қылды.
Білгеніміздей, қаладағы көптеген кәсіпорын, мекеме, ұйымдар, еңбек ұжымдары сенбілікті өз аумақтарында өткізсе, жоғарыда айтылып кеткендей, оқу орындарында дәріс алып жатқан жастар тұрмыстық қалдықтар, соның ішінде жабайы үйінділер жиірек шоғырланған учаскелерге, одан қалды шаһар маңындағы ауылдарға жіберілген. Бұдан бізді хабардар қылған қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Еркін Ғалиевтің айтуынша, олар (барлығы 2350 адам) қалаға қарайтын селолық елді мекендерге, жаңадан бой көтерген мөлтек тұрғын аудандарға, кіреберістердегі айналма жолдардың, «Ерік-Мостовой» каналының, Азаттық даңғылының бойына жұмылдырылған. «Арнаулы автобаза» КМК арқылы оларды апарып, алып келетін көлік ұйымдастырылған, оқу орындарының жетекшілерімен бірге әкімдіктен жауапты адамдар бекітілген.
Әрине, тазалықтың бір күнде атқарылған шаруамен шектеліп қалмасы анық. Десек те, кейбір кемшіліктерге қарамастан, бірінші сенбіліктің екі айлық шеңберінде межеленген істердің ілгеріде де жүйелі жүзеге асырылуына үлкен ұмтылыс туғызып, соны серпін бергені сөзсіз.
* * *
Жалпы, күзгі тазалық екі айлығының облыс көлемінде де жарияланғандығы белгілі. Осыған орай облыс орталығынан бастау алған сенбіліктің аудандарда да жалғасқанын атай кеткеніміз артық емес. Телефон арқылы хабардар болғанымыздай, кешегі сенбіде Индер, Қызылқоға және Құрманғазы аудандарында өткізілген. Осылардың арасынан Индердегі ерікті еңбек мерекесіне ереше тоқталғанды жөн көрдік.
Мәселен, бір ғана Индербор кентінің өзінде тазалық жұмыстары алты секторға бөлініп, жүргізілген. Осындағы үш саябақ, 53 көше бойы, тұтастай алғанда ұзындығы 11,2 шақырымды құрайтын селоішілік автокөлік жолдары, 1,2 шақырым Жайық өзені жағалауы күл-қоқыстан, көшенің көркін алып тұрған жабайы, арамшөптерден тазартылған. Сенбілікке ұзын саны 60-қа тарта кәсіпорын-мекеме, 800-ден астам адам, бірнеше бірлік арнаулы техника қатыстырылған. Солардың күшімен жинақталған қалдықтар сыртқа шығарылып, тиісті жеріне тасымалданған.
Кенттік округ әкімі Бөкенбай Нұрғалидің айтуынша, сенбілікке қатысушылардың ішінен аудандық орталық аурухана мен емхана, «Қазпочта», «Қазақтелеком» акционерлік қоғамдарының аудандық филиалдары, М.Әуезов атындағы орта мектеп ұжымдары ұйымшылдық танытып, белсенділіктерімен көзге түскен.

Дәулетқали АРУЕВ.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз