Атырауда Мәжіліс депутаттары БАҚ-тағы кейбір заңнамалық өзгерістер туралы талқылау өткізді (ФОТО)
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «Ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы талқыланған дөңгелек үстел отырысына қатысты. Атырауда өткен шараны палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитеті ұйымдастырған.
Н. Нығматулин өз сөзінде қазіргі ақпараттық саланың күші мен ықпалына және оның Қазақстандағы даму жағдайына айрықша назар аударып, саланы нығайтудың, отандық ақпарат деңгейін көтерудің, коммуникациялық инфрақұрылымды дамытудың басым бағыттарына тоқталды.
Мәжіліс Төрағасы осы өте маңызды мәселеге Елбасы Парламенттің үшінші сессиясының ашылуында да ерекше көңіл бөлгенін, Ұлт жоспарында да ақпараттық қоғамды дамыту жөнінде нақты міндеттер қойылғанын, бұл міндеттерді орындау үшін Үкімет қазіргі уақытта қоғамда қызу талқыланып жатқан заң жобасын әзірлегенін баса айтты.
Палата спикері: «Президеніміз әрқашанда маңызды шешімдердің барлығын халықпен ақылдасып қабылдау керектігін айтып келеді. Сондықтан осы құжат та Парламент Мәжілісінде, қоғамдық ортада кеңінен қаралып, көптеген шаралар өткізілді. Бүгін Атырау облысында кездесіп отырмыз. Атырау — еліміздегі ең ірі мұнайлы және қазыналы аймақ. Бұл жерде әлеуметтік-экономикалық жобалар да табысты орындалып келеді. Және ақпарат саласы да жақсы дамыған. Сондықтан, бүгінгі жиынның мақсаты да жергілікті атқарушы органдардың, аймақтық ақпарат өкілдерінің, блогерлердің, қоғамдық ұйым мүшелерінің ұсыныстарын және пікірлерін білу», — деді.
Н.Нығматулин мұндай талқылаулардың өңірлерде өтуі маңыздылығына айрықша тоқталды. Өйткені, бұл қоғаммен бірге түрлі ұсыныстар мен пікірлерді жинау арқылы заң жобасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мәжіліс спикері медиа кеңістік жайында айта келе, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, сөз бостандығын қамтамасыз етуге және отандық бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға айрықша назар аударғандығын атап өтті.
Мәжіліс Төрағасының айтуынша, 25 жылдың ішінде БАҚ-тың ақпарат пен ақпараттандырудың барлық аспектілері бойынша айтарлықтай заңнамалық база қалыптасты. Қазіргі уақытта ақпараттық дамумен қатар, оның қауіпсіздігі де басты назарда екенін ескерген Мәжіліс Төрағасы әсіресе, ұялы телефон, интернет, компьютер сияқты техникалық жетістіктерге айрықша мән беру керек екенін айтты.
Бүгінгі күні ақпарат қоғамның тірегі, демократияның көрсеткіші, рухани дамудың негізі екенін алға тартқан Н.Нығматулин, бүгінгі дөңгелек үстелде айтылған ой-пікірлердің салмақты заң қабылдау үшін рөлі өте зор екенін жеткізді.
Шараға облыс әкімі Н.Ноғаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен жергілікті БАҚ өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, сарапшылар мен блогерлер қатысты.
Жиын барысында әлеуметтік желілердегі пікірлердің идентификациясы, мемлекеттік органдардың ақпаратты жедел беруі, БАҚ-та заңмен қорғалған құпияларды тарату бойынша келісім алу және т.б. тақырыптар бойынша мәселелер көтерілді.
Айқара Ғұмар
Суреттерді түсірген: Ерлан Алтыбаев