Атырауда мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер қолдауға неге зәру?
Бүгінде батыл қадамға барып отырған ұйымдардың бірі – 2013 жылы құрылған «Мүгедектер қоғамы». Онда қазір 2300 мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген. Жетекшісі – Ғилман Құспанов есімді азамат.
– Біздің мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту, кәсіптерін одан әрі дамытуға жағдай жасау. Осы ретте «Нұршуақ» шеберханасы ашылды. Тұрмысқа қажетті бұйымдар жасап, электроникалық техниканы жөндеумен айналысатын 15 шеберден қазір оны, ал, он тігіншіден төртеуі қалды. Бұрынғы қайнап тұрған жұмысты қайта қалпына келтіргіміз келеді. Алайда, тендерді қол-аяғы балғадай кәсіпкерлер, санда бар, сапада жоқ «ұраншыл» ұйымдар ұтып кетіп жатады. Біздің де қолымыздан бәрі келеді. Мәселен, жақында паралимпиадалық спартакиада өткіздік. Түрлі жарыстарда топ жарып жүрген көркемөнерпаздарымыз да жетерлік.
Ендігі мәселе қаржыға келіп тіреліп тұр. Отандық өнімге тапсырыс азайды, қазір мүлде жоқ десе де болады. Егер жарты миллион теңге болса, көрнекі құрал ретінде даяр киімдерді қояр едік. Екіншіден, тігін материалдарының көрмесі жасақталуы тиіс. Киім пішетін шебер тапшы, мамандар білімін жетілдіргісі келеді. Техниканы жөндейтін қосалқы бөлшектер тағы жоқ. Қызметкерлеріміз үш бөлмелі көне ғимаратқа сыйып отыр. Мұның бәріне 28 миллион теңге қажет, – дейді ол.
Әлеуметтік мәселелермен айналысып жүрген кәсіпкерлердің тағы біреуі – жылыойлық Асқар Секербаев. «Жарқыра» әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау жобасының үйлестірушісі болып табылатын ол мүгедектер ұйымына қаржылай қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді. Тек тиесілі 3 млн. теңгеден артық қаражат бөлінбейтінін ескертті.
Елінің болашағы үшін алаңдайтын әр азамат мемлекетке масыл болмай, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өзі шешуі тиіс. Осы орайда, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға зор мән беру керек. Бұл бағытқа бет бұрған кәсіпкерлерден қолдан келер көмекті аямаған жөн. Жуырда өңірде үлкен семинар ұйымдастырылмақшы. Онда бизнес-идеясы бар 25 кәсіпкер тегін тағылымдамадан өтеді. Өз жобаларын сәтті қорғап шыққандарға жеке ісін одан әрі дамытып, жүзеге асыруға көмектесетін боламыз.
Мұндай семинар бұған дейін де өтіп, жүз адамды қамтыған болатын. Қазір олардың қатары екі есе өсті. Нәтижесінде, Атырау қаласынан төрт, Құлсарыдан екі адам толық оқу курсынан өтті. Міне, осындай жобаларды жүзеге асыруға жиырма миллионға жуық қаражат қаралып отыр. Демек, «білемін», «үйренемін» деуші кәсіпкерлерді ынталандыру үрдісі үзілмейді, – дейді ол.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.
Суретті түсірген автор.