Жарнама
БілімЖаңалықтарШаһар шырайы

Атырауда Каспий маңы елдеріндегі мемлекеттік университеттердің өкілдері бас қосты

«Ақылдарды тоғыстырып, байланыстарды нығайту». Осындай атаумен Атырауда Каспий маңы елдерінің мемлекеттік университеттері ассоциациясының мерейлі ХХ бас ассамблеясы өтті. Аталған қауымдастық құрамындағы 50-ден аса жоғары оқу орнының өкілдері салтанат сарайында бас қосты.

1

Жиынға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, өзінің құттықтау лебізін жеткізді. «Бұл – өңір үшін елеулі оқиға. Ол көршілес, әрі тарихи тағдырлас мемлекеттердің ежелден қалыптасқан достық қарым-қатынасына тың серпін берері сөзсіз. Мұнда экономикалық, экологиялық және басқа да саладағы келелі мәселелер көтеріліп, ортақ шешімін табады деп сенемін. Бүгінде елімізде әртүрлі дін мен дәстүрге, ұлт пен ұлысқа қарамастан өзара қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық және ұлтаралық тату тірлік салтанат құруда. Бұл да Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасы. Қоғамымыз өсіп-өркендесін десек, бәсекеге қабілетті болуымыз керек. Міне, осы орайда, жоғары оқу орындарының атқарар ролі зор болмақ. Сондықтан, Каспий маңы елдерінің университеттерінің арасында тығыз байланыс орнату өте маңызды»,-деді аймақ басшысы.

2

Жиынды Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Абзал Талтенов жүргізіп отырды. Одан әрі, ҚР Білім және ғылым министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Ақерке Абылайхан, Иран Ислам мемлекетінің Ғылыми-зерттеу және технология Министрлігі Халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры Фараджуллах Талеби, Астрахань мемлекеттік техникалық университетінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры, профессор Сергей Виноградов, Дағыстан мемлекеттік университетінің ректоры Муртазали Рабаданов, Гилян университетінің ректоры, Ирандағы ассоциация хатшылығының төрағасы Ахмад Рази, Баку мемлекеттік университетінің проректоры, профессор Сани Гаджиевтердің баяндамалары тыңдалды.

3

Бүгінде Каспий маңы елдерінің мемлекеттік университеттері қауымдастығы өзара ақыл-ой тоғыстырып, жүректерді жақындастырар бірден-бір ой-пікір алаңына айналған. Нәтижесінде, көптеген ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізіліп, Каспий мәселесі бойынша зерттеу жобалары іске асырылды, ғылыми журналдар басылып, бірлескен студенттік олимпиадалар мен экспедициялар болған.

4

Жиыннан соң пленарлық мәжіліс, «Жоғары білім беру саласындағы жобалық менеджмент» тақырыбында ректорлар саммиті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлкеттік унвиерситетінен Иран мәдениеті мен тілі орталығының ашылу салтанаты, Ассоциацияға мүше университеттердің халықаралық және ғылыми ынтымақтастық менеджерлері үшін воркшоп ұйымдастырылды. Сондай-ақ, аталған қауымдастықтың ғылыми ынтымақтастығы және зерттеулері тоғысқан «САРSCORE» – Каспий порталы жобасының тұсауы кесілді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button