Атырауда «Көне Сарайшық сырлары» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
Бүгінде көне Сарайшық қаласын зерттеуге қатысты «Өлкетанушылар» клубын құрып, «Сарайшықтану» элективті курсын енгізу керек. Шаһарға қатысты әлемдік зерттеулерді жинақтап, шетел мұрағаттары мен музейлерінде ізденістерді жалғастырған жөн. Бұл туралы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өткен «Көне Сарайшық сырлары» тақырыбындағы аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды.
Жоғары оқу орындары мен техникалық, кәсіптік білім беру ұйымдарының ғылыми, педагогикалық қызметкерлері қатысқан жиында көне қаланың өзекті мәселелері, тарихи зерттеулері, оны оқу үрдісіне енгізудің басым бағыттары кеңінен талқыланды.
Сарайшық туралы алғашқы жазба дерек қалдырған арабтың белгілі жиһангез ғалымы, географ Ибн Батута. Ол 1334 жылы Үлкен Сарай қаласынан, яғни, Алтын Орда астанасы Берке сарайдан Азияға бағыт алғанда, Сарайшық қаласында болған. Бұл туралы өлкетанушы, Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы Атырау филиалының басшысы Өтепберген Әлімгереев айтты.
«Ғалым өз жазбасында «Біз Сарайдан арбалы атпен он күн жүріп, Сарайжук қаласына жеттік. Бұл «Ұлысу» деп аталатын үлкен, терең, ағысы қатты өзен жағасындағы гүлденген әсем қала екен және дүние жүзіндегі Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі көпір осында» деп келтіреді. Ал, тағы бір деректе ағылшын көпесі Антоний Дженкинсон, Шығыс пен Батысты байланыстыратын керуен жолының үстінде болғандықтан, қолөнері мен саудасы дамыған қала екен деп жазады»,-дейді Ө.Әлімгереев.
Сондай-ақ, өлкетанушы бүгінде қала орнында археологиялық экспедиция он жылға жуық зерттеу жүргізгенін, нәтижесінде бірқатар кітаптар жарыққа шыққанын айтты. Ендігі уақытта оның бәрін жинақтап, жүйеленген зор еңбек жазу жөніндегі ұсынысын да білдірді.
«Ұлттық жаңғыру – туған жер тұтастығы мен ел болашағының негізі» тақырыбында «Өрлеу» АҚ Маңғыстау облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Айгүл Демеуова баяндаса, Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекция басшысы Мұқанбетқали Кипиев, топограф А.Алексеевтің Сарайшық қалашығына 1861 жылы жүргізген зерттеу жұмыстары жайында айтты.
Одан әрі «Сарайшық тылсымы» тақырыбында өткен жыр мүшәйрасы мен «Көне Сарайшық сырлары» сурет байқауы қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА