Атырауда көліктерге жылқыдан бөлек түйе мен қойлар да шабуыл жасауда (ФОТО)
Қыркүйек айының 20-21 аралығында Атырау қаласы аумағында иесіз жүрген төрт түліктің салдарынан үш бірдей жол көлік оқиғасы орын алған. Бұл туралы редакциямызға Атырау облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түйе, сиыр, жылқы түліктерінің қатысуымен болған оқиғаларда Toyota Prado, Mercedes, Volkswagen Polo т.б. көліктерге залал келтірілген. Қазіргі уақытта оқиғаға қатысы бар мал иелері анықталып, жүргізушілер тарапынан келтірілген шығын мөлшері анықталуда.
– Жолда иесіз жүретін түліктер жасыл желекті отап, қоршаған ортаға зардабын тигізіп қана қоймай, жол қозғалысына үлкен қауіп төндіруде, – дейді департаменттің баспасөз қызметіндегілер.
Осыған орай, Атырау облыстық ІІД төрт түлік иелерін ескертеді: иесіз жүрген төрт түлік «Арнаулы көлік базасы» КМК жеткізіліп, заңға сәйкес иелеріне айыппұлдар салынады. ҚР ӘҚБК 505 бабында көзделген заң бұзушылықтан өзге қаланың сәулеттік келбетіне келтірген залалдары есептеліп айыппұлдар өтеуі тиіс.
Айта кетейік, жыл басынан бері жергілікті полиция қызметінің күшімен 8 мал иесі жауапқа шақырылып, қомақты айыппұлдар өтеген. Осы уақытқа дейін төрт түлігін иесіз қалдырған азаматтар 45380 теңге көлемінде айыппұл өтеп келсе, малды қараусыз қалдыру қайталанатын жағдайда айыппұл 68000 теңгеден асады.
Нұрсұлтан ЕРТУҒАНҰЛЫ
Суреттерді облыстық ІІД баспасөз қызметі ұсынды