Атырауда «Көктем-2017» Республикалық оқу-жаттығу өтті
Көктем мезгілі басталысымен су деңгейі көтеріліп, тасқын қаупі төнетіні белгілі. Төтенше жағдайға төтеп беру үшін не істеу қажет? Қатер кезінде, ең алдымен, қандай қадамдар жасаған жөн? Оқыс оқиға орын алған сәтте көмекке келетін арнайы техникалар сақадай сай ма? «Көктем-2017» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу барысында азаматтық қорғау құрылымдарының әзірлігі ғана емес, жұртшылықтың дайындығы да тексерілді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Замир Бердашовтың айтуынша, биыл 14 қызмет түрімен қатар тоғыз ауылдық округ, алпысқа тарта техника, екі жүз оннан астам адам қатысты. Жалпы, мұндай шара өңіріміздің барлық ауданында ұйымдастырылды.
Алдымен «Бәйтерек» сауда үйі маңында облыстық азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығы тексерілді. Оған аймақ басшысының орынбасары Сәлімжан Нақпаев қатысып, техникалармен қамту жайымен танысты. Қаз-қатар тізілген жедел әрекет ету құрылымдары жабдықтар жөнінде кеңінен мәлімет беріп, мүмкіндіктері туралы хабарлады. Мәселен, балшыққа батпайтын «Болотоход» арнайы көлігінің бір мезетте он бес жолаушыны тасымалдауға мүмкіндігі бар. Оның бірі Жылыой ауданында болса, біреуі – Атырау қаласында. Бұл көлікпен, облыс орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерде орын алған төтенше жағдай кезінде талай адам құтқарылған.
Алайда, кейбір құрылымдардың оқу-жаттығу шарасына немқұрайлы қарағандығы байқалып қалды. Сәлімжан Жұмашұлы оларға ескерту жасап, келесі жолы мұндай кемшілікке жол бермеу керектігін қадап айтты. Сонымен қатар, «алғашқы медициналық көмек көрсету» қобдишасындағы дәрі-дәрмектердің де пайдалану мерзімін бақылап, қажетіне қарай жаңалап отыруды тапсырды. «Биыл да су деңгейінің көтерілу қаупі басым деген болжам бар. Сондықтан, шұғыл жәрдемдесетін қызметтер оған тыңғылықты дайын болуы тиіс» деді ол.
Жалпы, облыс орталығында 69 эвакуациялау пункті болса, оның 20-сы ауылдық округте орналасқан. Олардың әрқайсысы үш мыңға тарта адамды оқшаулауға мүмкіндігі бар.
Сонымен, белгіленген уақытта облыстық төтенше жағдайлар депаратменті бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметінің 112 телефон нөміріне жылдамдығы 22-25 м/с -қа дейін жеткен қатты жел Жұмыскер ауылдық округіндегі бөгетті бұзып, су басқаны туралы дабыл түсті. Жұртшылықты құлақтандыру іс-шарасынан кейін аумақтан халықты көшіру жұмыстары бастауын алды. Дереу жоғары өтімді «ТРЭКОЛ» техникасы, ПАЗ автобусы, «Кунг Вахтовка», жедел штабтық машина және өзге де арнайы техникалармен қамтылған көліктер елді мекенге қарай жол тартты. «Батыс аймақтық аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» мамандары тұрғындарды уақытша көшіру-қабылдау пунктіне жеткізді. Апаттық медицина орталығының дәрігерлері тасқыннан зардап шеккен жұмыскерліктерге алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Әділхан Жұмалиев, «Батыс аймақтық аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» басшысының орынбасары:
— Біздің жеке құрамда 71 қызметкер бар. Соның ішінде 69-ы – құтқарушы. «Көктем-2017» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуға төрт техникамен қатар онға тарта маманымыз қатысты. Атап айтсақ, Нива «МАРШ» көлігі қауіпті жерлерден шыға алмай жатқан жандарды құтқаруға бағытталған. Арнайы үрілген және темір қайықтарымыз да бар. Көрші облыстарда су тасқыны кезінде жеке құрам мен техникалар көмекке барды. Барлық құрал-жабдығымыз бізді жерге қаратпады, сынақтан аман-есен оралдық.
Айбөпе Сабырова