Атырауда екі басқарманың жаңа басшылары тағайындалды
Облыстың ауыл шаруашылығы саласында құрылымдық өзгеріс болды. Облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы енді үш жеке мемлекеттік орган – ауыл шаруашылығы басқармасы, ветеринария басқармасы және балық шаруашылығы басқармасы болып қайта құрылды. Кеше облыс әкімі Нұрлан Ноғаев облыстық актив жиынында жаңадан құрылған басқармалар басшыларын таныстырды.
Бұған дейін облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасын басқарған Мақсот Сайполұлы Мұқанов енді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды. Ол Оралдағы ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, еңбек жолын 1982 жылы Қызылқоға ауданының Абай атындағы совхозында аға экономист болып бастаған. Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімі лауазымдарында қызмет жасады.
Ал, облыстық ветеринария басқармасының басшысы лауазымына Азамат Серікбайұлы Айтқалиев тағайындалды. Жәңгірхан атындағы аграрлық-техникалық университеті мен Еуразия басқару институтын бітірген. Еңбек жолын 2006 жылы шаруа қожалығында бастаған. 2015-2017 жылдары Атырау облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Осы кезге дейін облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бас маманы болды.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев екі саланың қайта құрылуының маңыздылығына тоқталып, жаңа басшыларға нақты тапсырмалар берді.
Хорлан Смадияр