Атырауда егіздерді дүниеге әкелген әйелдің өліміне кім кінәлі?
Атырауда 27 жастағы әйел егіз балаларын дүниеге әкелгеннен кейін, көп ұзамай қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әйел жедел жәрдем қызметін өзі хабарласып шақырған. Ол облыстық перзентханаға жеткізілді. Оған «кесар тілігі» бойынша операцияны 10 жылдық тәжірибесі бар жоғарыбілікті дәрігерлер жасады.
Сот-медициналық сараптама жасалды. Тексеру жүргізілуде, оған Ана мен бала құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық орталықтың мамандары да қатысуда», — деп мәлім етті облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Мәншүк Аймурзиева.
Адам өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Зардап шеккен тараптан түскен арызға сәйкес, ҚР ҚК 317-бабы 3-бөлігі бойынша («Абайсызда адамның өліміне алып келген медицина қызметкерінің өзінің кәсіби міндеттерін дұрыс орындамауы») қылмыстық іс қозғалды», — деп атап өтті облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен. Қайтыс болған әйел 27 жаста болды. Жана туған егіздерден бөлек, оның артында 3, 6, және 7 жастағы балалары қалды.