Атырауда депутат халықтың мұң-мұқтажын 24 сағат бойы тыңдайды
Атырау қалалық мәслихатының депутаты Әлібек Семғалиев халықтың мұң-мұқтажына бей-жай қарамайды. Ол мейлінше күрмеулі мәселенің түйінін шешіп беруге мүдделілік танытып жүр.
«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының баспасөз қызметі мәлімдегендей, бүгінде депутат тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Ол өзінің барлық байланыс телефондары, WhatsApp номері, электронды поштасы көрсетілген хабарландырулар іліп, халыққа қызмет етудің оңтайлы тәсілін таңдапты. Сондықтан тұрғындар депутатын іздеп, немесе онымен кездесу қашан ұйымдастырылады деп, күтіп жүрмейді. Кез-келген уақытта өз сауалдарын тікелей жолдай алады. Бүгінде бірлескен жұмыстар нәтижесінде бірқатар коммуналдық проблемалар шешімін тапқан.
Осы орайда, депутат Әлібек Семғалиев жартыжылдық қорытындысы бойынша есеп беру жиынында атқарған жұмыстарын тізбектеп берді. Мәселен, Елшібек ауылының тұрғыны Асылбек Әубекеров балаларға ойын алаңын салу туралы өтініш берген. Нәтижесінде, қазір бұл нысанды салуға қаражат қарастырылыпты. Бірақ құрылыс жұмыстарын жүргізетін орынның бөлінбеуі жұмыстарға қолбайлау болып отырған көрінеді.
Ал, Мәншүк Мәметова көшесінің тұрғындары ұзақ жылдардан бері жол проблемасының шешілмегеніне шағымданған. Бұл мәселе бойынша халық қалаулысы тарапынан қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөліміне депутаттық сауал жолданып, оң шешімін тапқан. Сондай-ақ, Достық көшесіндегі №4 үйдің тұрғындары кәріз жүйесі құбырының сын көтермейтіндігін айтқан. Соған орай депутат «Атырау Су Арнасы» мекемесіне хабарласып, жер асты жүйесі қалыпқа келтірілген екен.
«Депутат ретінде қоғамдағы жастар мәселесіне де аса мән беріп келемін. Әсіресе жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамытуға, жұмыссыздық мәселесін шешуге атсалысамын. Сонымен қатар, өңірдегі спорт саласын дамытуға, соның ішінде кикбоксингті өркендетуге үлес қосып, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдауға арналған қайырымдылық акцияларына белсенді араласып жүрмін. Тұрақты қамқорлығымда бірнеше көпбалалы, аз қамтылған отбасылар бар», — дейді Әлібек Семғалиев.
Айта кету керек, қазір Атырау қалалық мәслихатында «Нұр Отан» партиясынан сайланған 17 депутат бар. Олар арнайы кесте бойынша үш айда бір рет есеп береді.
Нұрсұлтан ЕРТУҒАНҰЛЫ
Сәлеметсіз бе . Менің есімім Ботакөз. Атырау қаласынан. Быйылғы жыл «жастар жылы» деп тағайындалып жатыр. Жастарға не үй, не жер алу қиындап кетті. Жер кезегін де, үй кезегі де жылжымайды. Жер кезегінде жолдасым 2010 жылы тіркелген, үй кезегінде өзім 2013 жылы тіркелгем. Әкімдік тарапынан барған сайын естейтініміз бір жауап күтіңіздер деп шығарып салады. 6 жыл болды үй жалдап келеміз. Екі баламыз бар. Үй алу үшін салымда банкада жоқ дегенде Бір миллион ақша болу керек екен. Бізге салымсыз несие арқылы қол жетімді баспана алуға мүмкіндік болады ма. Жастарға арнап неге осы мәселе шешім таппай тұр. Кімнен көмек сұраймын білмим. Сіздерден өтінерім осы мәселені толығырақ жоғарыдағы көкелер естейтіндей етіп жеткізсеңіздер. Атырау әкімшілігі ешқандай да көмек бере алмайды. Бар үмітім сіздерде енді. Алдын ала сіздерге рахмет