Атырауда дағдарыс орталығы ашылады
Атырау қаласында теріс діни ағымдардан жапа шеккендерге жан-жақты көмек көрсететін дағдарыс орталығы ашылады. Нұрсая ықшам ауданындағы №6 тұрғын үйдің астыңғы қабатында орналасатын бұл орталық туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев мәлімдеді.
«Облыста ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен айналысатын барлығы 15 топ бар. Олардың құрамына құқық қорғау органдарының және Ауған соғысы ардагерлері мен белсенді жас мамандар тартылуда. Биылғы жылы олардың көмегімен профилактикалық жұмыстың сапасын арттыруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, білім беру басқармасымен бірлесе отырып, колледждермен жоғары оқу орындарында арнайы курстарды ашатын боламыз. Ондағы мақсат – сол жердегі діндар жастармен жұмыс жүргізу. Діни сауаттылықтарын арттыру» деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, шетелдерде күмәнді оқу орындарында оқып жүрген 31 студент бар. Олардың 24-і – Мысырда, алтауы – Сауд Арабиясында, қалған біреуі Йемен елінде жүр. Және бұл мәселеде олардың отбасыларымен ғана жұмыс жүргізбей, жастарды елге қайтару мақсатында барлық мүмкіндкті, тіпті, қаржылық мәселені де шешу жолдары қарастырылуда.
– Бұл орайда жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2015 жылы салафилік оқу орындарында оқып жүргендердің – 27-сі, өткен жылы олардың – 17-сі, ал, биыл жыл басынан бері екеуі елге қайтарылды. Сонымен қатар, терроризм баптарымен жазаларын өтеп жатқан 35 адаммен оңалту жұмыстары жүргізілуде. Олармен теолог, психолог мамандары жұмыс жасап келді. Енді осы жылдан бастап тарихшы және әдебиетші мамандарды да қоспақшымыз. Себебі, темір тордың ар жағында отырғандарды туған елінің салт-дәстүрін, тарихын әдебиетін дұрыс танып білмегендіктен шалыс басқан деп ойлаймын, – деді Қайролла Дүйсешұлы.
(Вырезка!)
– Атырау облысы бойынша 29 исламдық, үш православтық, екі католиктік және жеті протестанттық діни бірлестік тіркелген.
– Барлығы 38 ғибадат үйі мен үш намазхана (олардың біреуі – «Дина», екеуі «BAIZAAR» сауда орталықтарында) жұмыс жасайды.
– Облыста 57 имам, төрт православтық, алты католиктік және 18 протестантық дін қызметшілері жұмыс істеуде.
Мәлике МӘЛІК