Атырауда бір айдың ішінде 50-ден астам браконьерлік көлік құралы тәркіленген + ФОТО
25 қазан күні аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев облыстық орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен облыстық ішкі істер департаменті балық қорына қол сұғушылық қылмыстарымен күрес бөлімінің жұмысын тексерді,-деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.
Тексеру кезінде облыс əкімі орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бекетін, Жайық өзеніндегі шекара қызметін аралады. Өңір басшысы материалдық-техникалық базаның жағдайы, заңсыз балық аулаушыларға қарсы күш құрылымдарының қолданатын əдістеріне басты назар аударды.
Осы орайда, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, барлық мемлекеттік органдар бірлесіп жұмыс істеген кезде Каспий теңізі, Жайық, Қиғаш өзендерінің жағалауларындағы, Атырау облысының басқа да су айдындарындағы браконьерлікті жоюға болатынын айтты.
Облыстық орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Данияр Баймағамбетовтің айтуынша, 2017 жылдың 15 қыркүйегінен бастап аймақта заңсыз балық аулаудың алдын алуға бағытталған жедел топ жұмысын бастаған. Күш құрылымдарының өкілдерінен құрылған топ осы уақыт аралығында балық қорғау заңнамасын бұзған 249 фактіні анықтады. 332 балық аулау құралы, 2 тонна 648 келі балық, 26 жүзу жəне көлік құралы, 33 браконьерлік қайық тəркіленген.
Рейд барысында Нұрлан Асқарұлы Жайық өзенінің учаскелеріндегі балық аулаушы кооперативтердің жұмысымен де танысты. Ал, кооператив қызметкерлері браконьерлермен күрес шаралары тиімділігін көрсеткенін айтады. Сәйкесінше, балық қоры молайған.
Атырау облысының əкімі балық қорын сақтау мəселесі мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі екеніне тоқталды. Рейд қортындысы бойынша аймақ басшысы күш құрылымдары мен мемлекеттік органдар басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Айқара Ғұмар