Атырауда бесінші сыныптан бастап университетте оқуға болады (ФОТО)
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті Қазақстанда баламасы жоқ бірегей жобаны іске қосты. Аталған оқу орны базасында жұмыс істейтін Kids University – Балалар Университеті 5-11 сынып оқушылары үшін қызмет етеді. Бұдан бөлек, университетте жұмысын бастаған «FavLabAtyrau» цифрлық зертханасы жас ғалымдар үшін жаңа технологиялық мүмкіндіктер сыйлап отыр. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының Саяси кеңес бюросында есеп берген «Бірлік» бастауыш партия ұйымының төрағасы, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Абзал Талтенов мәлім етті.
Баяндамашының айтуынша, балалар мен жастар арасында ғылыми-техникалық шығармашылықты дамыту мақсатында Атырау облысының он мектебіне «Робототехника лабораториясы» сыйға тартылған. «Бір ғана, «Жастар Отанға» жобасы аясында, «Табысқа жету төлқұжаты» халықаралық бағдарламасы негізінде университеттің бес студенті Гейдар Әлиев атындағы шәкіртақыны иеленді. Ал, «Шеврон» компаниясының «Жастар жаңа шыңдарға» атты жобалар көрмесіне белсене қатынасқан төрт студентке халықаралық сертификат табысталды» деп атап өтті «Бірлік» бастауыш партия ұйымының төрағасы Абзал Талтенов.
Жиын барысында «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының Саяси кеңесі құрамына да бірқатар өзгерістер енгізілді. Кеңес құрамын «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Баязи Әбдешов пен Құрманғазы ауданы, Еңбекші ауылдық округінің әкімі Қанат Ғаббасов толықтырды. Саяси кеңес мәжілісін қорытындылаған аймақ басшысы, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Ноғаев бастауыш партиялар ұйымының сапалық құрамын жақсартуды тапсырды.
– «Жас Отан» жастар қанатының жұмысы, партияның қоғамдық қабылдау және азаматтардың өтініштерін дер кезінде қанағаттандыру мәселелерін белсенді түрде жалғастыру қажет, – деп атап өтті облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.