Атырауда балаларға арналған ойын қалашығы тұрғызылды
Еліміздің алғашқы қайырымдылық қозғалыстарының біріне айналған «Сәби» қоры 2002 жылдан бері мыңдаған жетім және әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына, мүмкіндігі шектеулі жандарға демеу көрсетіп келеді.
Осы орайда балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысуына мүмкіндік беретін «Спорт-Денсаулық-Жетістіктер» жобасын ерекше атап өтуге болады. Оның шеңберінде еліміздің 11 қаласында 33 спорт нысаны салынды. Бүгінде аталмыш қор өз қаржысына Атырау қаласынан балаларға арналған аумағы 2000 шаршы метрлік ойын қалашығын тұрғызды.
Нұрлан ҚАДЫРОВ,
ата-ана:
– Өзім Алмагүл ықшамауданында тұрамын. Отбасымызда үш бала тәрбиелеп отырмыз. Демалыс күндері оларды осы кешенге әкеліп ойнатамын. Мұндай алып кешен бұрын қаламызда болған емес.
Талғар ХАБИБУЛЛИН,
қала тұрғыны:
– Өзге қалаларда болғанда осындай спорттық ойын кешендерін көріп, қызыға қарайтынбыз. Бүгін бұл қуанышқа өзіміз де қол жеткізіп отырмыз.
Амандық АБДОЛ