БҰЛ – БІЗДІҢ ДЕ ОТАНЫМЫЗ

145eab9a 2520 485c 9824 9c53d478f72a 2309 000001e88bf30ce7 Жаңалықтар

Atr.kz/14 ақпан, 2020 жыл. Қазақ халқында «Ырыс алды – ынтымақ» деген қанатты сөз бар. Бұл – мағынасы кең, мазмұны терең ұғым.

Ата-бабаларымыз ежелден қазақ жерін мекендеген. Біз Түркістан облысында дүниеге келіп, осында туып-өстік. Кіндік қанымыз тамған топырақ, балалық балдәурен, жастық шағымыз өткен өңір қашан да киелі, жанымызға ыстық, қымбат. Алтын бесік – ауылдан түлеп ұшып, қазірде әрқайсымыз өз алдымызға шаңырақ көтеріп отырсақ та, тамырымыз, кіндігіміз, жүрегіміз сол туған жерімізге, өсіп-өнген ұямызға байлаулы. Қазыналы, қойнауы құт пен берекеге толы Атырау аймағына кәсібіме байланысты қоныс аударып, атыраулық бауырлармен де ағайындай араласып кеттік.

Ақылын айтып, кеңесін берер аға-апаларды, әңгімелесіп, сыр бөлісер, жаныма жақын жүрер жолдасдостарды таптым. Олармен жанұя, бала-шағамызбен араласып, бірге жүретін, қуанышымызға ортақтасып, қиындығымызды бөлісер жағдайға жеттік. Көзімді ашқалы қазақ балаларымен бірге өсіп, ойнап, есейіп, ержеткендіктен, қазірге дейін солай сезінгендіктен шығар, мен ешқашан өзімді өзгемін деп есептеген, олар да өзектен теуіп, өгейсінген емес.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында 500 мыңнан астам өзбек этносының өкілдері тұратын болса, солардың бір бөлегі осы Атырау өңірінде қоныстанған. 2018 жылы облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына кіретін өзбек этномәдени бірлестігі құрылды. Оны да қазақшалап «Ынтымақ» деп атадық. Әрдайым ауызбірлікте жұмыс жасап, тіл табыса әрекет етудің арқасында кәсібімізді өркендетіп, бизнесімізді дамытуға да ешқандай кедергі жоқ. Өзіміз сияқты, балаларымыз да қазақ тілін еркін меңгерген, үй ішінде де бір бірімізбен қазақша сөйлесеміз.

Бір сөзбен түйіндегенде, осындай елде дүниеге келіп, өмір сүріп жатқанымызды тағдырдың берген сыйы, тартуы деп бағалаймыз. Тағы да халық даналығына сүйенсек, қазақта «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген мақал бар. Сол айтылғандай, елдегі тыныштық пен ынтымақты бұзып, бірлігімізге іріткі, лаң салғысы келетін теріс пиғылды, арам ниеттілердің табылып қалатындығы қынжылтады. Қордайда орын алған жағдай соның айқын көрінісі деп есептеймін.

Акмал АМИРОВ, «Ынтымақ» өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз