Атырауда аймақ басшысының қатысуымен велошеру өтті (ФОТО)
Атырау қаласының күніне орай облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен велошеру болып өтті.
Оған барлығы 200-ге жуық велосипедшілер қатысты. Атап айтқанда, облыстағы барлық мекеме басшылары мен қызметкерлері, жоғары және арнаулы орта оқу орындарында білім алып жатқан жастар ұзындығы 8 шақырым болатын жолды велосипедпен жүріп өтті.
Қаладағы Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрының алдынан басталған велошеру Махамбет, Азаттық, Мұхтар Әуезов, Ғұмаров, Қаныш Сәтпаев көшелері бойымен жалғасып, облыстық әкімдік ғимараты жаяу жүргіншілер көпірінде қорытындыланды.
Велошеруді қорытындылаған аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев оған қатысқандарды қала күнімен құттықтап, алғысын жеткізді. Сондай-ақ, велошеруге қатысқан ең жасы үлкен қарияны, ең кішкентай бүлдіршінді, отбасымен түгел қатысқан жанұяны және велошерудің мәресін алғаш болып аттаған шабандоздарды марапаттап, су жаңа велосипедтерді тарту етті.
Нұрсұлтан ЕРТУҒАНҰЛЫ.
Суреттерді түсірген Ерлан Алтыбаев.