Атырауда ауызсудың бағасы арзандады
Атырау қаласында 1 тамыздан бастап ауызсу бағасы 3 пайызға арзандады. Аталған тариф бір жыл бойы қолданыста болады.
«2017 жылдың қорытындысына сәйкес, қаланы ауыз сумен қамтып отырған «Атырау су арнасы» заңсыз әрекеттер негізінде 139 млн теңге кірісті иеленгені анықталды. Бұл тарифтік сметаның 5 пайызын құрайды«,- делінген Атырау облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің хабарламасында.
Департаменттің мәлімдеуінше, 1 тамыздан бастап заңсыз алынған қаражатты тұтынушыларға қайтару үшін бір жыл мерзіміне уақытша өтемақы тарифі енгізілді. Халыққа арналған су тарифі 101,33 теңгеден 1 текше метрге 97,5 теңгеге дейін төмендетілді. Басқа тұтынушылар үшін — 316,72 теңгеден 307,69 теңгені құрайды.