Атырауда ауру мал үшін өтемақы төлейді ме?

onimi OeTIMDI Жаңалықтар

Облыстағы малдың басында өсім бар. Қақсыған каналдарға су келіп, ауылдың өнімі өтімді бола бастады. Жергілікті жерлерде жаңа шаруашылықтар құрылуда. Ауыл шаруашылығындағы осы және өзге жаңалықтар туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев айтып берді.

Ауылдың өнімі ӨТІМДІ

24 өндірістік кооператив құрылуда

Бүгінде аймақта 62,6 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Соның 35,5 млн. теңгесі мал, қалғаны егін шаруашылығына тиесілі. Ет пен сүт, жұмыртқа өндіру айтарлықтай ұлғайып отыр. Атырау картоптан басқа азық-түлік өнімдерімен өзін толықтай қамтуда.

– Елбасының тапсырмасына сәйкес, облыста 24 өндірістік кооператив құрылуда. Соның 15-і іске кіріссе, қалғаны қажетті құрал-жабдықтарды алғаннан соң жұмысын бастайды. Олар негізінен мал өнімдерін дайындау, оны өңдеу мәселелерімен айналысатын болады, – деді Әлібек Нәутиев.

Облыс әкімінің орынбасары егін шаруашылығына ерекше тоқталды. Былтыр 8477 гектар жерге егін егіліп, одан 133 мың тонна өнім алынған. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын таппақшы. Әсіресе, тамшылатып суаруға маңыз берілетінін естіп білдік. Осындай әдіс арқылы егілетін егістіктің көлемі биыл 2540 гектарға көбейеді.

Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары журналистердің сұрақтарына жауап берді.

 Шығындалған малға  өтемақы төленеді

Ауру мал үшін төленетін өтемақы туралы не айтар едіңіз? Жалпы, ветеринария қызметі талапқа қаншалықты сәйкес?

–  Былтыр облыста мал арасында нодулярлы дерматит ауруы кездесті. Соның салдарынан 6912 мүйізді ірі қара ауырып, 1150-і шығын болды. Дерттің бұл түрі Кавказ елдерінен келді деген болжам айтылады. Қазіргі күні мал иелеріне 185 млн. теңге өтемақы төленіп отыр. Исатай ауданының Тұщықұдық селолық округінде 474 жылқының 220-сы шығын болғанын да айта кетейін. Оның себебін тексерген мамандар «сақау» ауруынан орын алған деген қорытындыға келді.

Осындай жағдайға жол бермес үшін Үкімет тиісті шаралар алуда. Жуырда Ақтөбе қаласында вице-премьер – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шүкеев өткізген алқалы жиналыста да проблема ортаға түсті. Нәтижесінде, Ресеймен араға – 28, қырғыз елімен шекараға  үш  бекет  орналастырылатын болып келісілді. Мұндай нысан мал ауруы шыққан облыстардың арасына да қойылмақшы. Сондай-ақ, бұрын аймаққа берілген кейбір өкілеттіліктер Ауыл шаруашылығы министрлігіне қайтадан өтеді. Біздің облыстағы 72 селолық округте 198 ветеринар маман бар.

Лимит  неге орындалмады?

Балық шаруашылығының бүгінгі тынысы қандай?

– Бұрын Атырау облысына балық аулауға 25 мың тонна лимит бөлініп, сол бойынша жұмыстар жүрген болатын. 2015-2016 жылдары оның көлемі 16 мыңға дейін төмендеді. Былтырғы бөлінген 12 мың тонна лимиттің 87 пайызы игеріліп отыр. Қалған бөлігі, атап айтқанда, Құрманғазы ауданындағы «Ақсу Қиғаш» ЖШС-нің заңсыз балық аулауына байланысты толық жүзеге аспады. Келеңсіз жағдай браконьерлікке қарсы шаралар кезінде анықталған болатын. Ауыл шаруашылығы министрлігінің лимит бөлу туралы бұйрығының кеш шығуы да іске кедергі келтірді.

Балық шаруашылықтары өнімді өңдеуге маңыз бермейді. Тек екі-үшеуі ғана осы жұмыстарды атқаруда. Қалғаны су маржанын сол күйінде сыртқы саудаға шығарады. Біз осы олқылықтың орнын толтыруға ұмтылудамыз.

Бекіре  балығын қолдан  өсіру

Облыста бекіре балығын жасанды түрде өсіретін екі зауыт бар. Олардың мүмкіндігін арттыру мақсатында қандай жұмыстар жасалуда?

– Дамбы, Еркінқала елді мекендеріндегі бекіре балығын өсіретін екі зауыт Үкіметтің бөлген қаражаты көлемінде жұмыс жасауда. Жіберілген майшабақтың көлемі жыл сайын 7 млн. дананы құрайды. Бұл көршілес елдермен салыстырғанда әрине, өте аз. Сондықтан, аталған кәсіпорындарға қосымша «Caspian Royal Fish» бекіре балығын өсіру фермасының базасында тағы бір өндіріс ашуға жұмыстанып жатырмыз. Бұл бағытта тиісті министрлікпен жұмыс жүргізілуде. Олардың майшабақтары тоғандарда өсірілетін болады.

 

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз