Атырауда асфальт өндіріле бастады
Жылыой ауданында мемлекеттен жеңілдікпен берілетін несие есебінен жаңа асфальт—бетон зауыты салынады деп күтілуде. Жарқын жоба «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге аспақ.
Аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Қанат Мыңбаевтың айтуынша, игі іспен «Өмірзақ сервис» жергілікті кәсіпорны айналысатын болады. Аталған кәсіпорын өндіріс нысанын тұрғызу мақсатында екінші деңгейлі банктен 465 миллион теңге несие алған. Оның пайыздық мөлшерлемесін мемлекет субсидиялайды.
Бүгінде асфальт өндірісіне қажетті жабдықтарды монтаждау жұмысы аяқталып отыр. Енді бетон өндірісі үшін жабдықтарды орнату ғана қалды. Болашақ зауыттың қуаттылығына келер болсақ, сағатына жүз тонна асфальт пен елу тонна бетон өндіру қолға алынбақ. Бастапқы кезеңде елу адам жұмыспен қамтылады деп болжануда.
Амандық Сағынтайұлы