Жарнама
БілімЖаңалықтарШаһар шырайы

Атырауда ағылшын тілін тегін оқытады

Атырауда құрылған «Білім орда Болашақ» қоғамдық қоры былтырдан бастап жаңа әлеуметтік жобаны қолға алды. «Эксон Мобил Қазақстан» компаниясының демеушілігімен жүзеге асырылып жатқан жобаның мақсаты – ағылшын тілін тегін оқыту. Ол жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі  брифингте аталмыш қор жетекшісі Марта Хайдарова мәлімдеді.

teach-english-uz+

­­– Бұл – 2011 жылы бастал-ған «Кәсіпкерлікті дамыту орталығы» жобасының жалғасы.  Нақтырақ айтқанда, мұнда кәсіпкерліктің ережелері жан-жақты түсіндіріліп, жұмысын жаңадан бастағандардың  көшбасшылық қабілеттерін қалыптастыруға, бұл істе азды-көпті тәжірибесі бар бизнес субъектілеріне консалтингтік қызмет көрсетуге бағыт ұсталып отыр. Жалпы алғанда, бес жылда осы жоба бойынша ашылған  арнаулы курстарда 3000-нан астам адам дәріс алды, — деді ол.

Ағылшын тілі курсына жазылушылар тобы қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі берген тізім бойынша жасақталады. Алайда, уақытша жұмыста жоқ, қолы бос тұрғындардың да өтініш беріп, курста дәріс алуына мүмкіндік бар. Осылайша, өткен жылы алғашқы тыңдаушыларын қабылдаған ағылшын тілін тегін оқыту курстарынан 300-дің үстінде адам өткен болса, олардың 80 пайызы уақытша жұмыста жоқ азаматтар болып шықты. Араларында жоғары және арнаулы орта кәсіптік оқу орындарын бітірген жастар, ресми түрде жұмыссыздар есебіне тіркелгендер бар. Жобаның берер пайдасы мен маңыздылығы жайында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Балдай Өтеғалиева мен «Эксон Мобил Қазақстан» компаниясының өкілі Ақмарал Сабырова әңгімелеп, қосымша ақпараттар берді.

Негізінен 18 жастан жоғары  тұрғындар қабылданатын курс тыңдаушылары 15-16 адамнан топтастырылады, оқу жиілігі аптасына үш рет, кестесі жұмыс уақытына сәйкестендірілген. Курсты ұйымдастырушы «Білім орда Болашақ» қоғамдық қорының кеңсесі мен ағылшын тілі оқытылатын сынып кабинеттері қаладағы «Бай-Тал» бизнес орталығында орналасқан.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

3 Comments

  1. Мынау жақсы бастама екен. Әйтпесе, ағылшын тілін үйренемін деп, ақшадан қысылып қалып жатқандар көп қой…

  2. Мен оқуды жақында ғана бітірдім. Әлі жұмысқа тұра қоймадым. Жақсы мүмкіндік екен. міндетті түрде барып, тегін оқып аламын. Рахмет!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button