Атырауда ақшаны себепсіз шашқан басшы жазаланды
Қызметтік лауазымын асыра пайдаланғандар жазасыз қалмайды. Ал, жергілікті атқарушы органдар заңнамалардың сақталуына байланысты ішкі талдау жұмыстарына ерекше назар аударуы тиіс. Қаражатты мақсатсыз жұмсау және тағы да басқа маңызды мәселелер Әдеп жөніндегі кеңес отырысында қаралып, тиісті шешім қабылданды.
«Қағазда бәрі қатып тұр…»
Мемлекеттік қызметтердің сапасын ішкі бақылау бойынша жергілікті атқарушы органдардың жұмыстарына жүргізілген талдау нәтижелерімен департаменттің басқарма басшысы Данияр Алтыбай таныстырды. Оның сөзіне қарағанда, электронды түрде көрсетілген қызметтер көрсеткішінің динамикасы көңіл көншітпейді. Небары – 2 пайыз. Мұндай олқылықты болдырмас үшін жұртшылық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Бұл бағытта облыс әкімдігі 268 шара өткізген.
— Бір ескеретін жайт – елімізде мемлекеттік қызметтер саласындағы заңнамалардың сақталуына әкімдіктер тарапынан жүргізілген бақылауға ерекше ден қою. Тексеріс барысындағы анықталған бұл жұмыстар формальді түрде ғана өткізілген. Айталық, жергілікті атқарушы орган жасаған 82 талдау жұмысында 117 заң бұзушылық дерегі белгілі болса, департамент тарапынан жүргізген 41 тексерісте 8896 кемшілік анықталды,-деді ол.
Шын мәнінде, немқұрайлықты доғаратын уақыт жетті. Әлі күнге дейін бұл жұмыстар тек қағаз жүзінде ғана іске асып келеді. «Жергілікті атқарушы органдар жүргізген талдау департамент тексерісінің бір пайызына да жетпейді. Сонда мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығы төмен болғаны ма, әлде ымырашылдыққа барғаны ма? Осыған жіті көңіл бөлуіміз керек» деді мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент-тігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов.
Құрылыста кемшілік көп
Тағы бір мәселе – Жылыой аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысына қатысты тәртіптік іс. Департаменттің бас маманы Ренат Сәлімғали баяндағандай, Құлсары қаласындағы үш қабатты 60 пәтерлік бес үйдің инженерлік жүйелері мен абаттандырылуына байланысты бірнеше заң бұзушылық фактілері анықталып отыр. Қаражат басқа мақсатқа жұмсалып, заңсыз игерілген. Осы орайда, бөлім басшысына «лауазымына толық сәйкес емес» деген шешім шығарылып, қосымша қызметтік тексеру жүргізілетіні айтылды. Құрылыс жұмыстарында заң бұзушылықтар көптеп орын алатыны, алдағы уақытта оған сақтықпен, жауапкершілік-пен қарау керектігі ескертілді.
Комиссияның заңсыз шешімі
Кеңес отырысында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты қызметтік тексеру нәтижелері де қаралды. Бұл туралы департаменттің басқарма басшысы Мәлік Кариев баяндама жасады. Тексеріс аталған басқарма бас маманының конкурстық комиссия шешіміне қатысты өтініші негізінде жүргізілген. Белгілі болғандай, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға конкурс өткізу қағидалары бұзылып, кейбір талаптары мүлде сақталмаған. Бас маман басқарманың өңірлік даму бөлімінің басшысы лауазымына орналасу үшін ішкі конкурсқа құжаттарын тапсырған. Алайда, комиссия қабылдаудан бас тарту жөнінде шешім қабылдаған. Осылайша байқау жүргізуде олқылықтар орын алғандығы анықталыпты. Комиссия төрағасы конкурс барысында кеткен қателіктерді мойындады.
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Қадошұлы осындай кемшіліктің салдарынан халықтың мемлекеттік қызметке деген сенімі азаятынын, ал, Елбасының бұл бағытта қойып отырған талабы жоғары екенін атап көрсетті. «Кеңес мүшелерімен ақылдаса келе, конкурс комиссиясының шешімі заңсыз деп табылды. Анықталған заң бұзушылықтардан тіпті, қағаз бетіне мөр қоятын орын қалмаған. Бұл мәселені алдағы уақытта да көтеретін боламыз» деді ол.
Айбөпе САБЫРОВА