Атырауда 300 отбасына «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы пәтер табысталды (ФОТО)
Атырауда Береке ықшам ауданындағы 300 пәтерлі 6 тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің мәлімдеуінше, кезекте тұрғандар үшін 105 пәтерлі 2 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, 195 пәтерлі 4 тұрғын үй «Жилстройсбербанк» АҚ арқылы берілді.
— Жақын арада «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тағы 195 отбасыға жаңа пәтер беру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда азаматтардың төлем қабілеттілігі бойынша тізім жасақталуда. Биылғы жылдың соңына дейін осы ықшам ауданда тағы 9 үйді пайдалануға беру жоспарда бар, — дейді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Рафхат Жолдиев.
Рафхат Жолдиевтің айтуынша, «Нұрсая» ықшам ауданында 105 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беруге дайын. Бұл көпқабатты тұрғын үйлер ТҚЖБ салымшыларына беріледі.
— Мен «аз қамтылған отбасы» бойынша кезекте тұрмын. Біраз уақыт отбасыммен ескі пәтерде тұрдық, кейін бірнеше жыл пәтер жалдауға тура келді. Бүгін бізге өз үйіміздің кілтін табыстады, — дейді Атырау қаласының тұрғыны Салауат Мүтәлиев.
Айта кетейік, жақын арада Береке ықшам ауданы кеңейтіледі. Болашақта бұл жерде 40 көп қабатты тұрғын үй болады деп жоспарланған. Биылғы жылы Берекеде 1200 орындық мектеп пен 290 орындық 2 балабақшаның құрылысы басталады.
Атырау қалалық әкімдігі берген ақпараты бойынша, қазіргі таңда 20 мыңға жуық аса адам үй кезегінде тұр. Тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табатын болады.
Хорлан СМАДИЯР