Аруақты аттаған

mythology8 Қоғам

Ертеректе «Қазақ КСР-інің 60 жылдығы» атындағы совхозда құрылыс шебері  болып жасайтын Нұртаза Хайдаров деген ағамыз жұмыс бабымен, тауар пойызына тас тиеуге Бейнеуге барған екен. Жұмыстың бір қалтарысында сол маңдағы Бекет атаның мешітіне зиярат етейін деп жолға шығыпты. Межелі жеріне жақындай бергенде «тұмсығын» көкке көтеріп, жол шетінде тұрған бір «көкқасқаны» (ЗИЛ-130 автосамосвалын кабинасының түсіне қарай жұрт солай айтатын) көріп тоқтайды. Байқаса зырлап келе жатқан машина, ойда-жоқта моторы өшіп тұрып қалыпты. Олай-былай әурелеп қыздыра алмай амалдары таусылған. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, сәлден соң, жүргізушінің де, қасындағы жолдасының да тілдері байланыпты. Өздері шөлден ауыздары кеуіп, әбден  қалжыраған екен. Күн «тамып тұр» дейді.

Содан «қой, енді атаның басына сүйретіп апарайық, сол жерден қарармыз» десіп, «көкқасқаны» тіркеп алып, мешіттің басына апарыпты. Сол арада су ішіп, шөлдерін қандырып, жуынып-шайынып, атаның аруағына арнап дұға оқығаннан кейін, жаңағы тілдері байланып қалғандарға тіл бітіп, болған жайды айтып берген екен. Олардың баяндауынша, атаның  тұсына келгенде дұға етпей, кідірместен өте шығыпты. Көп ұзамай, машиналары сынып, тұрып қалған. Не болғанын білмейді. Қалай әурелесе де қызбапты машинасы түскірі. Оның үстіне екеуінің де тілдері байланып қалған. Атадан қайта-қайта кешірім сұрап, сосын жүргізушілер екеулеп «қарайық, не болған екен» деп машинаға келіп, кілтті бұрап қалса «көкқасқа» гүр ете түскен көрінеді. Аң-таң болған жолаушылар солай аруақтың құдіретіне тағы бір мәрте куә болған екен.        

Бұл әңгімені мен көп жылдар бұрын марқұм Нұрекеңнің өз аузынан естіген едім. Содан бері есімнен кетер емес. Газет бетінде жаңа «Кие» айдары ашылғасын, жадымда жүрген осы бір жай басқа жұрттың да құлақтарына жетсін деген ниетпен сізге жолдап отырмын, «Атырауым».

Нығметолла ҚҰРМАШЕВ,                                                      

Сарайшық ауылының тұрғыны

Махамбет ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз