Атырауда 30 полицей баспаналы болды
Қазақстан полициясы күніне орай Атырау облысында 30 полицей қызметкеріне пәтер кілттері табыс етілді, деп хабарлайды Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Облыстық әкімдіктің алаңда өткен салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сөз сөйлеп, тәртіп сақшыларының өңірдегі қылмыстық ахуалды тұрақтандырудағы еңбегін жоғары бағалады. Сондай-ақ, өңір басшысы қызметке шыққан әр полицейдің отбасына аман оралуына тілектестік білдіріп, 5 полицейдің отбасына пәтер кілттерін табыс етті.
Шара барысында Атырау облыстық ІІД бастығы Аян Дүйсембаев құттықтау сөзінде баспанамен қамтуда көп балалы, пәтер кезегін ұзақ жыл күткен, жалғызбасты әйел-ана қызметкерлердің жағдайы алғашқы кезекте ескерілгенін айтты.
«Береке» ықшамауданынан баспаналы болғандардың бірі — ІІД көші-қон полициясы басқармасының қызметкері, полиция капитаны Ақмарал Ахметова. 2008 жылы полиция кіші лейтананты болып қызметін бастаған ол көп жылдар пәтерге кезегін күткен. Қуаныштан көз жасына ерік берген ол пәтер кілтінен артық ынталандыру тетігі жоқ деп біледі.
Мерекелік шара барысында біраз қызметкерлерге ҚР ІІМ тарапынан жолданған марапаттар тарту етіліп, төсбелгілер тағылды. Кеш соңы ІІД шығармашылық ұжымдарының концертіне ұласты.
Хорлан Смадияр