Атырауда 100 келі қортпа етін алып кетуге жол бермеді
«Теміржол вакзалына беттеген автокөліктен бекіре тұқымдас балық — қортпа табылды. Балық Ақтөбе қаласының тұрғынына тиесілі. Оның айтуынша, ол қортпаның әр келісін 4 мың теңге төлеп, белгісіз адамнан сатып алған. Бұл факті ҚР ҚК 339-бабы «Бекіре тұқымдас балықтарды сақтау, тасымалдау және сатып алу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының бірыңғай реестріне тіркелді», — деп хабарлады Атырау облыстық ІІД балық қорына қылмыстық қолсұғушылық әрекеттерге қарсы күрес бөлімінің бастығы Серік Жанзақов.
Еске салайық, Қазақстанның бастамасымен Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтарды аулауға мораторий жарияланды. Балықшылардың аулаған балықтары құртшабақ өсіру үшін арнайы зауыттарға жеткізіледі. Қортпа — бекірелер тұқымдасына жататын сирек кездесетін балық, Қызыл кітапқа енген. Балықшылар оны көбейту үшін бірнеше жылдар бойы біреуін де аулай алмай келген еді. Биыл 160 келілік бір қортпа ауланды, одан осы аптада 30 келі уылдырық алынды. Одан миллиондаған шабақ өсіру жоспарлануда.
ҚазАқпарат