Атырау жұрты тума талант Қажымұқан Елеместегін сағына еске алды (ФОТО)
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жүзеге асыру аясында жергілікті ақын, Мақат ауданының «Құрметті азаматы» Қажымұқан Елеместегінің дүниеден өткеніне 10 жыл толуына орай «Туған жердің таланты» атты конференция болып өтті.
Мақат ауданының әкімі Берікқали Сәрсенғалиевтің тікелей бастамасымен жүзеге асқан шараға мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары мен аймақтық басқарма басшылары, ардагер-ұстаздар, кент әкімдері және бөлім басшылары, жастар қатысты.
Алғаш сөз алған «Мақат тынысы» газетінің бас редакторы Гүлзада Саликова Қажымұқан Елеместегінің өмірбаяны мен шығармашылығы қамтылған «Туған жерінің төл перзенті» тақырыбында баяндама жасады.
«Тарихты тұлғалар жасайды» деген сөз бар. Мұнайлы өлкеміздің тарихын түзеуші тұлғаларды сөзбен мүсіндеген жанның бірі — Қажымұқан Құмарұлы болатын. Ол партия қызметкерлерінен бастап, ауылдың ақсақалдары, дәрігерлер мен мұғалімдер, қызметтес жолдастары мен редакцияның әрбір қызметкеріне өлең жазып немесе күнделікті тірлігінен бір ғана көрініс беру арқылы адамның мінезі ғана емес, бар болмысын танытудың шебері болды.
Ақынмен үзеңгілес еңбек еткен ауданның құрметті азаматы Қаржаубай Сұлтанғалиев, «Құлсары» газетінің редакторы Әбдіхалық Сисенбердиев, партия қызметтерінде бірге болған ел ағалары Ислам Әбілғазиев, Адайхан Елубаев, Сәбит Халенов ақынның ауданның қоғамдық-саяси өміріндегі өлшеусіз еңбегі туралы айтса, ағасы Сағын Елеместегі мен жары Ұштап Сағынбаева отбасылық ғұмыры мен жазушылық қыры туралы естеліктерімен бөлісті.
Мазмұнды шара Қажымұқан Құмарұлының көзі тірісінде жинақтап, бастыруға дайындап жүрген Аман Жанкеевтің шығармалар жинағының тұсаукесер рәсіміне ұласты және сол күні сиясы кеппеген туынды оқырманға жол тартты.
Шара соңында танымал тұлғаның дүниеден озғанына 10 жыл толуына орай, «Туған жерім-алтын бесігім» атты үздік мақалалар мен өлеңдер байқауының қорытындысы жария етілді. Қазылар алқасының шешімімен бірінші орын Хамит Әубәкіровке, екінші орын Сейілхан Қайыржановқа, үшінші орын Амангелді Есенғалиевке лайықталды.
Мұнайлы өлкенің ғасырдан аса тарихында өзіндік ой өрнегін қалдырған, жақұт жырдан моншақ тағынған асыл азамат, қадірлі ақын, қарымды қаламгер есімі бүгін өткен шақпен айтылғанымен, оның шығармасына арқау болған, кейіпкері танылған, қаламынан туындаған дүниелерді сүйіп оқыған қалың жұртшылықтың есінде мәңгі сақталып қалды. Кейінгі ұрпақ ардақтап өтер есімге айналды. Кіндік қаны тамған Доссорын өмірінің соңғы минутында да ұмытпаған ол: «Баршаға бақыт тілеп жатайын мен, Доссордың топырағын жамылып-ап,» деген еді.
Олай болса, туған жерінің төл перзенті Қажымұқан Құмарұлының есімін елі ешқашан ұмытпақ емес.
Гүлзада Саликова