Атырау жұртшылығы Жанай Берқалиевпен қоштасты (ФОТО)
Бүгін Атырау жұртшылығы мемлекеттік қызметтің ардагері, Атырау облысының құрметті азаматы, биология ғылымдарының кандидаты Жанай Берқалиевты ақтық сапарға шығарып салды. Марқұммен қоштасу митингісі Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында өтті.
Жанай Берқалиев – өзінің іскерлігі мен өмірлік тәжірибесін өңірдің экономикасын, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге арнаған танымал тұлға. Осы салада еңбек ете жүріп, шыңдалды, мол тәжірибе жинады. Іскерлігімен, ұйымдастырушылық қасиетімен танылып, кеңшарларды басқарды. Шаруашылық жұмысын ғылыммен ұштастырып, биология ғылымы бойынша кандидаттық диссертация қорғады. Ел тәуелсіздігінің елең-алаңында аудандарды басқарып, Қазақ мемлекетінің қалыптасуына зор үлесін қосты.
Оның елдің өсіп-өркендеуіне сіңірген еңбегі лайықты бағаланып, «Құрмет» орденімен марапатталды. Оған Исатай, Махамбет, Индер, Құрманғазы аудандарының, Атырау облысының құрметті азаматы атағы берілді.
– Жанай ағамыз өзінің еңбекқорлығының арқасында елге танымал болды, – деді онымен қоштасу рәсімінде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев. – Ол бір өңірдің ғана емес, елдің экономикасын өркендетуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Адамгершілік тұлғасы, парасат-пайымы ерекше жан еді. Ел ішінде абыройы биік еді. Отбасына қайғырып көңіл айтамыз.
Бұдан соң Атырау облысының құрметті азаматы Есен Тасқынбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов сөйлеп, Жанай Беркалиевтің адами қасиеттері мен тұлғалық қырларына тоқталды.
Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ