Атырау жəне Маңғыстау облыстарының əкімдіктері меморандумға қол қойды
Кеше Атырау облысының əкімі Нұрлан Ноғаев пен Маңғыстау облысының əкімі Ералы Тоғжанов екі облыстың арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Меморандумның мақсаты — өңіраралық кооперацияны дамыту жəне өңірлердің бəсекеге қабілеттілігін арттыру. Тараптар өнеркəсіп, шағын жəне орта бизнес саласында, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, экология, құрылыс салаларында ынтымақтастық жасауға келісті. Сондай-ақ, облыстар арасында жастар саясаты, мəдениет жəне спорт салаларында да өзара іс-қимыл жасау көзделуде.
Атырау облысының əкімі Нұрлан Ноғаев атап өткендей, əкімдердің алдында тұрған басты міндет — өңірлерді экономикалық дамытудың түрлі салаларындағы табысты жұмыс тəжірибесімен танысу.
— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды тапсырмаларының бірі -өңіраралық қарым-қатынасты дамыту. Біз бүгін мəселелердің кең ауқымын талқыладық, екіжақты ынтымақтастық аясында көптеген жобалар бойынша пікір алмастық. Біз қызығушылығы, мəселені ұғынудың бар екенін көріп отырмыз. Жақын арада барлық талқыланған жобаларды іске асыру жоспарлануда,- деді Нұрлан Ноғаев.
Маңғыстау облысының əкімі Ералы Тоғжановтың пікірінше, экономиканы əртараптандыру мақсатында шикізаттық емес секторларды дамыту мəселелеріне назар аудару қажет.
— Бұл — өңдеу өнеркəсібі шағын жəне орта бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығындағы жобаларды іске асыру, азық-түлік қауіпсіздігі. Құрылыс жəне туризмді дамыту саласында тартымды жобалар бар. Барлық келісімдерді іске асыру өңірлер мен республиканың экономикалық өсуі үшін серпін бермек, — деді Ералы Тоғжанов.
Бүгінгі күні Маңғыстау облысы еліміздің ірі көлік логистикалық хабтарының бірі. Теңіз порттарын дамыту Қазақстанның экономикасы үшін үлкен серпін береді. Жиында Маңғыстау облысының басшысы ірі мұнай жобаларындағы қазақстандық қамту мəселесін қозғады.
— Облыс аумағында үш мұнай компаниясы жылына орта есеппен 1 трлн 400 млрд теңгеге тауарлар сатып алады. Оның ішінде 30%-ы республикадан тыс жерлерден, бұл шамамен 500 млрд теңге. Бұл біздің кəсіпорындарға инвестициялар тарту үшін үлкен нарық жəне əлеует. Осы тауарларды республика аумағында өндіре отырып, біз жергілікті компанияларды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, мемлекет бюджетін толықтыруға жағдайлар жасаймыз, — деді Ералы Тоғжанов.
Ал Атырау облысының əкімі Нұрлан Ноғаев облыс аумағында арнайы индустриялық аймақты дамыту бойынша болашақ жоспарлар туралы əңгімеледі.
— Парламентте арнайы экономикалық жəне индустриялық аймақтар туралы заң жобасы талқылануда. Егер бұл заң қабылданатын болса6 біз осы бағытта дамытуға дайынбыз. Исатай ауданында арнайы индустриялық аймақ құру үшін жер учаскесі бөлінді. Осы бағытта тəжірибе алмасу үшін біз Түркияда болдық. Оларда индустриялық аймақтың аумағында 35 мың адам, шамамен 180 резидент жұмыс жасайды. Олардың бір бөлігі 35-40 кəсіпорын біздің нарыққа келуге дайын. Бұл үшін заңнамалық база, салық тұрақтылығы қажет. Сонымен бірге бізде мұнайхимиялық кластерді дамыту үшін арнайы экономикалық аймақ жұмыс жасайды. Мұндай жобаларды іске асыру дайын өнім шығаруға мүмкіндік беріп, бəсекеге қабілетті кəсіпорындар құруға септігін тигізеді,- деді Нұрлан Ноғаев.
Айта кетейік, бұл меморандумға қол қою екі облыстың экономикалық жəне инвестициялық əлеуетін дамытуға жаңа серпін береді.