Атырау түрмесінде ораза ұстаған төрт азаматты карцерге қамап қойған
Атыраудағы қылмыстың-атқару жүйесі комитетіне қарасты УГ-157/9 түрмесінде сотталғандардың ораза ұстауына тыйым салынды деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Сондай-ақ Рамазан айының бірінші күні ауыз бекіткен төрт азаматты карцерге қамап қойған. Аталған жайт туралы портал тілшісіне құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева мәлімдеді.
«Ораза ұстауға тыйым салып, ауыз бекіткен жігіттерді карцерге қамап жатыр деп сол сотталғандардың туыстары хабарласып айтты. Олар ауыз бекіту үшін таңғы сағат 04:00 шамасында тұрады. Басшылық осыны сылтау етіп, «ішкі тәртіпті бұзды» деп айыптап карцерге жапқан. Бұл адам құқықтарын шектеу ғой. Түрмеде Рамазан айында ораза ұстауға заң бойынша тыйым салынбайды. Мен сұрастырып көрдім, тек Атыраудағы Уг-157/9 түзету мекемесінде ғана осындай талап бар екен. Түрме ішінде ораза тұту оңай емес», — деді құқық қорғаушы.
«Ораза ұстауға тыйым салып, қамап жатыр дегенді сотталғандар мен оның туыстары өсек ретінде таратып жүр. Бұл сөздер шындыққа жанаспайды. Түзету мекемесінде кешкі ас 20:30-да, таңғы ас 07:00-де. Өздеріңіз жақсы білесіздер, ауыз бекіту мен жабу уақыты осы режимге қарама-қайшы. Яғни, ораза ұстау үшін сотталғандар таңғы 4-те тұрып, асханада тамақтануы қажет. Ал заң бойынша және ішкі тәртіпке сай бұл мүмкін емес. Себебі, асхана жабық тұрады және өзге ораза ұстамаған азаматтардың ұйықтап жатқан кезінде мазасын алмау керек. Түзету мекемесі осыны түсіндірген. Шындығына келер болсақ, Атырау облысы бойынша жазасын өтеп жатқан 6 әйел және он шақты ер азамат салынған тыйымға қарамай қара сумен ғана ораза ұстап жатыр. Біз ол азаматтарға да түсіндірдік. Олар жайлы жерде жүрген жоқ қой… Тамақсыз ауырып қалуы мүмкін», — деді Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшысының орынбасары Ризабек Дәулетов.
Аталған түзету мекемесінде қазір 412 сотталған азамат жазасын өтеп жатыр. Оразаға қатысты шыққан шуды тексеру үшін қазір түзету мекемесінде прокуратура және басқа да құқық қорғау органдары тексеру жүргізуде.