«Атырау Су Арнасының» басшысы тағы да қамауға алынды
«Атырау Су Арнасының» басшысы тағы да қамауға алынды. Күдіктіге қатысты «кепіл» түріндегі бұлтартпау шарасын 2 ай мерзімге «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына өзгерту туралы өтінішті облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Ұлттық бюросының аға тергеушісі жазған.
Сотқа дейінгі тергеу органдарымен «Атырау Су Арнасының» басшысы Қылмыстық Кодекстің 6 бабы бойынша қылмыстарды жасады деп күдіктеліп отыр.
2017 жылғы 5 қазанда айыпталушыға қатысты 68 070 000 теңге кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану мүмкіндігі белгілене отырып, 2 ай мерзімге «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілген еді. Бірнеше күн өткеннен соң күдіктінің жұбайы өтініш пен «кепіл» ретінде жалпы құны 69 284 337 теңгені құрайтын жылжымайтын мүлік ұсынған. Осыған байланысты А.Т.-ға қатысты бұлтартпау шарасы «кепілге» өзгертілген болатын.
Алайда, тергеуші «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына өзгерту туралы жаңа қаулы шығарып, онда күдіктінің 2015 жылдың қаңтарынан осы уақытқа дейін Ресей Федерациясының Астрахань қаласына қарай жалпы 50 рет шыққанын көрсеткен. Сонымен қатар, тергеуші күдіктінің Астрахань қаласында өз бизнесі және жылжымайтын мүлік объектілерінің барын, сондай-ақ, қылмыстық жауапкершіліктен құтылу мақсатында Ресейге тұрақты тұруға шығып кетуі мүмкін екенін көрсеткен.
Сонымен қатар, тергеуші аталған іс бойынша тергеу нәтижелеріне маңызды ақпараттарды білетін қылмыстық істің барлық қатысушылары оның тікелей қол астында жұмыс жасайтын адамдар екенін, бұл өз кезегінде қызметкерлерге қысым көрсетілуі мүмкін екенін көрсеткен.
Көрсетілген мән-жайлар тергеу судьясына күдікті ауыр қылмыстарды жасағаны үшін айыпталғандықтан оның қылмыстық қудалау және сот органдарынан жалтаруы мүмкін деген тұжырымға келуіне негіз болған.
Нәтижесінде, Атырау қалалық №2 сотының қаулысымен «Атырау Су Арнасының» басшысына қатысты 2017 жылдың 19 қазанынан 19 желтоқсанына дейін «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілді.
Айқара Ғұмар