Атырау облысының соттарында 1013 қылмыстық іс қаралған
Бұрын сотқа барған жұрт не сотталып, не ақталып шығатын. Қазір көпшілік медиациялық, татуластыру тәсілдері арқылы бітімге келе бастады. Тағы бір ерекшелік, бүгінде күші жойылған сот актілерінің саны кәдімгідей азайып отыр.
Атырауға келген ҚР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин жергілікті соттардың басын қосып, кездесу өткізді. Жиында жеткен жетістіктермен қатар, олқы тұстар да айтылды.
Биыл облыс соттарында 1 013 қылмыстық іс қаралған. 570 тұлғаға қатысты 510 қылмыстық іс бойынша үкім шығарылыпты. Ақталған адамның саны – 17. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің саны өткен жылмен салыстырғанда кәдімгідей кемігені байқалады.
– Облыс соттарына 435 азаматтық іс, 8821 талап арыз түсіп, 9256 іс пен талап арыз тіркелді. 9 169 азаматтық істі қарау аяқталды, — деді облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Манат Көміршінов.
Алайда, Атырау соттарының қызметінде кемшілік аз емес. Соңғы мезгілде азаматтық және әкімшілік істерді қарау сапасы төмендеп кетіпті. ҚР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулиннің айтуынша, судьялардың іс-әрекеттеріне қатысты 9 шағым түскен. Осыған байланысты, судьялар әдебі ережелерінің сақталуы, барлық істердің аудио-бейнежазбаны қолдану арқылы қаралуына байланысты жұмысты күшейту тапсырылды. Апелляциялық сот алқасы жұмысын күшейту, санкциялау жөніндегі материалдарды мұқият сараптау қажеттілігі туындап тұр.
Келісімдік өндіріс және рақымшылық жасау туралы заңды қолдануда жіберілген кемшіліктер сыналды. Дегенмен, жергілікті сот саласының бірнеше өкілі төсбелгі мен түрлі марапаттарға ие болды.
Азамат БАЗАРБАЕВ.