Атырау облысының аудандарында «Билер кеңесі» құрылды
Атыраудың аудан орталықтарында «Билер кеңесі» құрылуда.
Атыраудағы Жылыой аудандық сотының ұйымдастыруымен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында «Билер кеңесін құру — ұлттық құндылығымызды жаңғырту» тақырыбында кеңес өткізілді. Кездесуді ашқан сот төрағасы Б.Жұмабаев Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақтың билер кеңесін ұлттық құндылықтар ретінде танып, халық арасында кеңінен насихаттау қажеттігін айтқанын атап өтті.
«Көшпелі қазақ қоғамының билер соты тарих қойнауында қалса да, оның беделі мен мәртебесі бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып отыр. Ұлттық тарихымыздағы асыл қазыналарымызды зерттеу, оның шынайы нәтижелерін жарыққа шығару қай ұрпақ үшін де жоғары міндет болып саналады», — деп хабарлайды Жылыой аудандық сотының баспасөз қызметі.
Кездесу қорытындысы бойынша Жылыой ауданында Билер кеңесін құру туралы шешім қабылданды. Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, мұндай кеңестер барлық аудандарда құрылады. Сондай-ақ, жиын барысында барлық қатысушылар аталған жобаны аудандық деңгейде жүзеге асыру, халық арасында өзара дауларды шешу тәсілдерін талқылады.