Шараналар неге шетінеді?
Облыстық перинатальдық орталықта орын алған сәби өліміне қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Орталық директоры Қуаныш Нысанбаевтың мәлімдеуінше, мерзімінен бұрын туылған сәбилерге медициналық стандарттарға сәйкес қан құйылып көмек көрсетілген.
– Бұл тіркелген қайғылы жағдайдың негізгі себебі – перинатальдық кезеңде пайда болған ауытқулар. Яғни, бала анасының құрсағында жатқанда пайда болған ауытқулардың салдарынан осындай жағдайға тап болды. Шағымданушы төрт әйел де жүктілік болу мерзімін сақтамаған. Қайғылы оқиғаның алдын алу үшін әр жүктілікті жоспарлап, медициналық тексеруден өтіп емделген жөн. Қазіргі уақытта арыз бойынша тиісті орындар сараптама жүргізіп, сәби өлімінің нақты себебін анықтайды, — деді Қуаныш Нысанбаев.
Сондай-ақ, денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс педиатры Райса Баймұханованың айтуынша, былтыр түрлі жағдайда 206 бала қайтыс болған. Оның 176-сы бір жасқа толмаған. Статистика бойынша облыста айына 25 бала шетінейді. Мәселен, 2018 жылдың желтоқсан айында 23 бала қайтыс болған. Бала дәрігері “Әрине, бұл жақсы көрсеткіш емес, бірақ бұл дәрігерлердің біліктіліктері төмендігін көрсетпейді. Облыс бойынша алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр” деп түйіндеді.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА