Атырауда 2017 жылы халыққа 2,7 млн мемлекеттік қызмет көрсетілген
Атырау облыстық әкімдігі мен ХҚКО 2017 жылы халыққа 2,7 млн мемлекеттік қызмет көрсетті. Бұл тізімге халыққа қызмет көрсету орталықтарының, Атырау облысы әкімдігі құрылымдық бөлімшелерінің, сонымен қатар әлеуметтік желі, мессенджерлер, мобильді қосымшалар арқылы көрсетілген қызметтер енді, деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2016 жылы облыста қалалық коммуналдық қызметтердің жұмыстарын оңтайландыру бағытында шаралар басталған.
— Тұрғындар тарапынан олардың жұмыстарына, кері байланыстың жоқтығына, сұранымдар мен шағымдарға жай әрекет етулеріне қатысты наразылықтар болды. WhatsApp қосымшасы арқылы барлық негізгі коммуналдық қызметтерге жедел желі аштық, ол жұмыстың жеделдігін, тиімділігін жоғарылатты,- дейді баспасөз қызметі.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында, мемлекеттік қызмет көрсету құралдарының қатарын кеңейту үшін жергілікті атқарушы органдармен Telegram қосымшасында «Атырау областық әкімдігі» чат-каналы, «Атырау Цифрлық Қабылдау» мобильді қосымшасы ашылған болатын.
— Чат-канал мен мобильді қосымшалар арқылы көрсетілетін қызметтер жергілікті атқарушы органдарға елдімекендердегі проблемалық жайттарды анықтауға септігін тигізеді. Жол қозғалысы қауіпсіздігін жақсартуға, халықпен ашық диалог орнатуға ықпал етеді. Оларды ашудағы мақсат — жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызмет көрсетуін, жауап беруін қолжетімді қылу. Қазір мемлекеттік қызмет көрсетуге қол жеткізу процесін оңайлататын тағы бірнеше онлайн-құралдар жасалып жатыр. Жергілікті атқарушы органдармен 600-ден астам қызмет көрсетіледі. Барлық тізім кезең-кезеңмен автоматтандырылады, — дейді Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов.
Telegram қосымшасындағы «Атырау облысы әкімдігі» чат-каналы ашылғалы бері ( 2017 жылдың қыркүйегінде) 2200-ден астам өтінім қаралса,»Атырау Цифрлық Қабылдау» мобильді қосымшасында 2018 жылдың қаңтарынан бері — 1087 өтінім түскен. Чат-канал мен мобильді қосымшаны 7 мыңнан астам пайдаланады.
Айта кетейік, Атырау облысындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарымен 2017 жылы 1 176 412 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, 2018 жылдың басынан бері — 648 915 қызметті құраған.
Сондай-ақ, Атырау облысы әкімі аппараты мен әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерімен 2017 жылы 1 531 984 мемлекеттік қызмет көрсетілген болатын. Ал жыл басынан бері 611 095 қызмет болған.