Атырау картопты ешкімнен сұрамайды
Шөлейтті аймақ саналатын Атырауда картоп шықпайтыны жөнінде пікір қалыптасқаны рас. Тіпті, бұдан бұрынғы жылдары республиканың оңтүстік өңірлеріне тапсырыс беріліп, қажетті өнімді сол жақтан тасымалдайтынбыз. Әйтсе де, жергілікті дихандардың бір тобы оны осында өсіріп көруге бел буыпты.
Жұмысы – «қатты», жемісі – тәтті
«Агрохолдинг Зеленое поле» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Махамбет ауданының Жалғансай ауылында картоп өсірумен айналысып жатқанына көп бола қоймаған. Шаруашылық басшысы Ақмарал Қабылованың айтуынша, Атырау егін егуге аса қолайлы өңір емес. Әйтсе де, «тәуекел түбі – жел қайық» демекші, еткен еңбектің нәтижесі де бар. Яғни, басы қатты болғанымен, соңы – тәтті. Сондай-ақ, мол өнім алу әртүрлі жағдайларға, соның ішінде адами және табиғи факторларға тікелей байланысты екені рас.
– Алғашқыда 20 гектар ал-қаптан небәрі 72 тонна өнім жинадық, — дейді шаруагер. – Қай істі де бастап кету оңай емес. Десек те, кейін бәрі бір ізге түскен соң, қалпына келеді. Менің де ойлағаным бірден орындалып кете қойған жоқ. Өйткені, көп мәселе тәжірибеге тіреледі. Көршілес астрахандық агрономмен танысудың сәті түсіп, біраз пайдалы кеңес алдым. Соның нәтижесі болар, былтыр картоп отырғызуды сәтті жүргіздік.
Әйтсе де, оның айтуынша, жиналған өнімді өткізу қиынға соқты. Ірі сауда орындары қабылдаудан бас тартты. Тұрғындар да өнімнің жергілікті екеніне сене қоймады. Тіпті, басқалардың 160 теңгемен саудаланып жатқан картобына қызығушылық танытты. Одан екі есе төмен бағасына сатса да, жұртшылыққа жақпады. Содан алыс аудандарға апарған, мұндағылар таласа алды. Биылғы жазда 25 гектарға көкөніс егілсе, күзгі егіс алқабы 15 гектарды құрап отыр. Бір қуантарлығы, енді арадағы келісімге сәйкес, 300 тонна өнім аймақтың тұрақтандыру қорына аударылатын болады.
Қазір «Дастан», «Агрофеликс», «Асылагро» шаруа қожалықтары да көп көлемде картоп өсіреді. Олар Атыраудың топырағына «картоп шықпайды» деген пікірді теріске шығарды. Соңғы үлгідегі технология көмегімен бәрін де жасауға болатынын көрсетті. Оның үстіне, жергілікті шаруагерлер көкөніс өсіруде еуропалық әдісті қолдану қажеттігін алға тартады. Өйткені, бұрынғы механикалық құрылғылар тұқымды зақымдайды. Одан шығатын өнімнің түсі көк, дәмі ащы болады. Әрі зиянкестердің жеміне айналады. Ал, тамшылатып суару секілді тиімді тәсілдер мол өнімге жол ашады. Қазір бір гектар аумақта бір адамнан артылатын жұмыс жоқ. Қалғанын техника тындырып жатыр.
Махамбет ауданында ежелгі кәсіптен несібесін тапқан тағы бір жан – Мубин Хиджанов. Оның егін шаруашылығымен айналысып жүргеніне жеті жылдан асты. Былтыр он гектар жерге жеті мың алма көшетін отырғызып, алақандай аумақты жасыл баққа айналдырыпты. Тағы он гектарға картоп пен басқа да көкөністер еккен. Оған қоса, биыл он сотық жерге бүлдірген өсіруді де қолға алған екен.
Естеріңізде болса, Жалғансайда аты аңызға айналған алма бағы болушы еді ғой. Оны 1994 жылы су шайып кеткен-ді. Араға уақыт салып, сарытоғайлық Мубиндер кешегі кәсіпке жан бітірді. Былтыр Беларуссияға барып, қыстың қытымыр аязына төзімді алма, өрік пен шие тұқымдарын алып келіпті. Айтуынша, алғашқы жылы мол өнімді күтудің қажеті жоқ. Оған үш жыл уақыт керек.
Қайтарым күткен миллиондар
Егіншілікке бет бұрған кәсіпкерлердің аяқтан тұрып кетуі үшін мемлекет барынша қолдау көрсетіп отыр. Мәселен, биылдың өзінде облыста ауыл кәсіпкерлеріне шағын несие беру бағытында 350 миллион теңге қарастырылды. Бұл өңірлік «Бизнес-Аймақ» бағдарламасының арқасында мүмкін болды. Бұрын екінші деңгейлі банктер кепілдеменің өтімділігі төмен болуына байланысты ауылдық жердегі бизнес-жобалар үшін несие бермеді. Ал, 2013 жылы жергілікті қазынадан бұл бағытта 807 млн. теңге бөлінді. Міне, содан бері 200-ден астам жоба жүзеге асып, жүздеген жаңа жұмыс орны ашылды. Бағдарлама қатысушыларынан салық түрінде бюджетке 50 млн. теңге кіріс кірді. Шығарылған өнімнен бір миллиард теңге пайда түсті. Өткен жылы 55 жоба мақұлданып, 107 жұмыс орны ашылды.
Өз кезегінде өңір басшысы Нұрлан Ноғаев шағын несиелеудің географиялық аумағын кеңейтіп, кәсіпкерлікті қолдау шараларын күшейтуді тапсырған болатын. Биыл бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 350 млн. теңге бөлу жоспарланып отыр. Қазір бизнес-жоспары дайын кез келген адам 500 мың мен 18 млн. теңге аралығында жеті пайыздық жылдық мөлшерлемемен төрт жыл мерзімге несие алуға мүмкіндігі бар. Ауыл шаруашылығын сөз еткенде, көз алдымызға мал мен егін шаруашылығы елестейтіні белгілі. Несие одан бөлек, ауылдан көлік жөндейтін орталық, дүкен, стоматологиялық кабинет ашқысы келетін жандар үшін де беріледі.
P.S. Қалай болғанда да, «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» демей ме?! Сырттан тауар әкеліп, өзгелердің қалтасын қампайтқанша, өзіміздің отандық өнімге қолдау білдірейік. Біз үшін сырттан келіп, ешкім картоп екпейді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ