«АТЫРАУ» ФК: Жаңа маусымға дайын ба?

58bf2a6442cf1 Жаңалықтар

Көрермен жинау жағынан да, көптің қызығушылығы жағынан да кез келген спортқа дес бермейтін сиқырлы ойын түріфутбол. Ес білген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін оны тамашалауға асығады. Мыңдаған жанкүйер тағатсыздана күткен футболдан Қазақстан премьерлигасының жаңа маусымының ашылуына да санаулы күндер қалды.

58bf2a6442cf1

Осы бір дүбірлі доп додасының басталуы алдында  «Атырау» футбол клубының бас бапкері Вахид Масудовпен сұхбаттасқан едік.

– Вахид Юнусович, «Атырау» командасына қайта оралуыңызбен. Сіздің басшылығыңызбен  клуб 2009 жылы Қазақстан кубогын иеленді. Сол командаңыз  сізді қалай қарсы алды?

– Үлкен рахмет. Команда мені жылы шыраймен, өте жақсы қарсы алды. Иә,  2009 жылы «Атырау» клубы менің басшылығыммен Қазақстан кубогын ұтып алған болатын. Ол футбол тарихында алтын әріптермен жазылатын ұмытылмас сәттер болды. Әрине, біз ол күндерді әлі сағына еске аламыз. Ендігі мақсат – осы жетістіктерді қайталай алатын жаңа құрама жасақтау.

– Сол кездегі команда мен қазіргі жасақталып жатқан құраманы салыстырсаңыз…

– Сөзсіз, бұлар мүлдем екі бөлек  команда. Ол кездегі жағдай басқаша болды, қазір уақыт өзгергендіктен бе, жағдай өзгеше қалыптасқан. Бір айтатыным, солай бола тұра, бұрынғы жетістігіміз осы құрамаға жұғысты болса екен. Әрине, алда үлкен жұмыстар, үлкен мақсаттар тұр. Сондықтан, жаңа құрама ойын барысында басқа қырынан көрінері сөзсіз.

– Анталияда өткен үш оқу-жаттығу жиындарыңыз қалай өтті? Ойыншылардың дайындығы, мүмкіндіктері қандай дәрежеде?

– Жаттығулар тығыз режимде болды. Өзге командалармен арадағы кездесулер кешке өткізілетініне қарамастан, таңертеңгілік мезгілде қарқынды жаттығулар жүргізіліп тұрды. Себебі, біз барынша ойыншылардың  физикалық дайындығына көп көңіл бөлдік, соған дағдыландыруға тырыстық.  Клуб ойыншылары да жаттығу кезеңдеріне бар күш-жігерін салды. Дайындығымыз  жаман емес тәрізді.

– Биылғы 2018 жылғы маусымға арнап жасақталған  ойындар кестесімен танысқан боларсыз? Бастапқы екі турды сырт алаңда «Ертіс» және «Қайрат» командаларымен ойнайды екенбіз. Маусымды бастап кетуімізге  қиын болмай ма?

– Иә, біріншіліктің бастапқы ойындары бізге қиын соғайын деп тұр. Себебі, біз Қазақстан футболының қазіргі таңдағы көшбасшы командаларымен кездесетін боламыз. Олар: «Ертіс», «Қайрат», «Ордабасы», «Тобыл» командалары. Бастапқы төрт ойынның үшеуін сырт алаңда ойнау, әрине, ауырлау. Бірақ, соған қарамастан біз әр командаға тиісінше қарсы тұрып, жанкүйерлерге жақсы футбол көрсетуге дайынбыз.

– Бүгінгі күні команда толық жасақталып бітті ме? Трансферлік  кезең қалай өтіп жатыр? 

– Трансферлік тарапынан бізде аздаған қиыншылықтар бар. Себебі, көптеген қазақстандық ойыншылар келісімшартпен ойнап жүр. Біздің құрама тек  толыққа жақын жасақталып болды. Бәріне уақыт керек. Футболда бір-екі айда бәрі жақсы болып кетуі  екіталай. Ойыншылар бір-біріне үйреніп, түсінісіп кетулеріне белгілі бір уақыт керек. «Атырау» командасының жанкүйерлері мұны ескеріп, түсіністікпен қарайды деп ойлаймын.

– Команда құрамы туралы айта кетсеңіз?

– Біз осы жолы құрама сапында  қазақстандық ойыншылардың, жастардың  болуына көп көңіл бөліп отырмыз.  Жаңа айтқанымдай, уақыттың аздығына орай бар мүмкіндікті толығымен пайдалана алмадық. Уақыт молдау  болғанда бұдан да мықтырақ команда жасақтауға болатын еді. Мысалы, үлкен клубтар көзі түскен ойыншысын алты ай, бір жыл бойы бақылап, содан соң ғана келісімге отырады. Ал, бізде ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан, аз уақыттың ішінде белгілі бір таңдау жасауымызға тура келеді. Ойыншылар таңдауда қателестім бе, әлде дұрыс таңдадым ба – оны алдымыздағы біріншілік көрсетеді.

– Атырау жұртшылығы команда сапында жергілікті ойыншылардың болғанын қалайды. Қазіргі таңда клуб сапында ондай ойыншылардың мүмкіндіктері мен қабілеттері қалай?

– Әрине, бізде жас, болашағынан үміт күттіретін ойыншылар бар. Дәурен Мәжитов, Қуаныш Қалмұратов, Ринат Жұматов, Дәурен Қайралиев, Ерасыл Аманжол, Алтынбек Сапаров – міне, осы ойыншыларға біз сенім артып отырмыз. Жаттықтырушы өзіне ұнады екен деп, команданың жақсы ойын өрнегін көрсетуіне кедергі келтіретін, дайындығы жоқ ойыншыны ойынға қоса алмайды. Сондықтан, ойыншылар өз шеберліктерін әлде де шыңдаулары керек. Ол үшін оларға барлық жағдай жасалған. Тынбастан еңбек ету керек.

– Биылғы маусымда біз «Атырау» клубы сапында кімдерді көре аламыз?

– «Трансферлік терезе» әлі ашық. Яғни, құрамамыз  соңына дейін  толық жасақталып біткен жоқ. Кейбір ойыншылармен келіссөздер күні  бүгінге дейін  жүріп жатыр. Дегенмен, биылғы маусымда  клуб құрамына нақты бірнеше жаңа ойыншы келді. Атап айтар болсақ, олар: қақпашы Владимир Логиновский, қорғаушылар Стефан Живкович, Томислав Барбарич, жартылай қорғаушылар Руслан Жанысбаев, Антон Землянухин, Джозеф Нейн, шабуылшы Тунде Адениджи. Командамыздың толық тізімін біріншілік алдындағы клубтың таныстырылымында біле аласыздар.

– Атыраудағы алғашқы ойындар жаңадан ашылған «Томарлы» стадионында өткізіледі деп жоспарлануда. «Мұнайшы» стадионы маусымға қашан дайын болады ?

– Алғашқы ойындарды өз жеріңде, негізгі  алаңыңда ойнағанға не жетсін. Бірақ, күнтізбе солай жасақталды. Атырауда жасыл шөптің шығып кетуі қиындау, сол себепті шыдамдылық танытуымыз керек. Дегенмен, мамыр айынан бастап негізгі «Мұнайшы» алаңында ойнайтын боламыз деп сенемін.

 

Мұратбек Жаңабай

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз