Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Атырау – Бөкей хандығының алтын бесігі

Бөкей Ордасының құрылғанына 215 жыл толу датасы Қазақстан тарихындағы елеулі оқиғаның бірі болып отыр. Орда Бірінші Павел патшаның 1801 жылдың 11 наурызындағы Жарлығына сәйкес құрылғаны белгілі. Яғни, аталмыш Жарлық Бөкей сұлтанға Еділ мен Жайық арасын түгелдей иеленуге рұқсат берген еді.

photo_73772

Бірінші Павел патша Бөкей сұлтанға Жайық пен Еділ арасына көшіп-қонуға рұқсат бергеннен кейін, Астрахан казактарының полк командирі П.С.Попов 1801 жылдың күзінде сұлтанды көшіру қамына кіріседі. Ол 1801 жылдың 28 қыркүйегінде Бөкейге жолдаған хатында Жайықтың оң жағалауына халықты өзі және Сырым батыр бастап бару үшін капитан В.К.Скворцовты жібергендігін хабарлайды. Осы жерде атап өтер бір жайт, алғашында Бөкей сұлтан бастаған көшті Жайықтың Калмыков бекіні-сінің тұсындағы өткелден (өзеннен орыс-казактардың балық аулау мерзімі аяқталған соң) өткізу жоспарланды. Бірақ, бұл жоспар Бөкейге ұнамай, ол Орал казактарының атаманы Бородиннен өзінің қалаған жерінен өтуге рұқсат сұрайды.

Алайда, Бородин 1801 жылдың 25 қазанында В.Скворцовқа жазған хатында бұл мәселені жеке шеше алмайтындығын айтып, Бөкейдің Орынбордың әскери губернаторы Н.Бахметовке жүгінуі керектігін мәлімдейді. Десек те, Бахметовпен арада болған бірнеше хат алмасулардан кейін, Бөкей сұлтан өзінің қарамағындағы қазақтармен Жайық өзеніндегі өзіне қолайлы деп шешкен жерден көшуге рұқсат алады. Рұқсаттың нақты қай күні берілгені белгісіз, бірақ, генерал Бахметов  П.Поповқа 1801 жылдың 19 қарашасында жіберген хатында Орал казактарына Жайық өзенінен Бөкей мен өзге де сұлтандардың қоластындағы қазақтармен өткізуге рұқсат бергендігі жөнінде хабарланады.

Сондықтан да, Бөкей бастаған көш Жайықтың оң жағына қарашаның соңынан бастап бір ай мерзімде көшіп болған деп есептейміз. Өйткені, П.С.Попов генерал Кноррингке 1801 жылдың 20 желтоқсанында жазған хатында Бөкей сұлтан және оған қарасты 183 шаңырақтағы барлығы 740 адам жақында көшіп келгендігін хабарлайды. Сондай-ақ, хабарламада көштегі мал саны да көрсетіледі, олар – 1366 ірі қара, 3300 жылқы, 10250 қой және 24 бас түйе.

Осы жерде атап өтер келесі бір мәселе, сұлтан көші туралы архивтік деректерге сүйеніп жазылған Бирюковтың еңбегінде Бөкейдің Жайықтың қай тұсынан өткендігі көрсетілмеген. Дегенмен де, сұлтанға қатысты деректерді саралай келе, оның Бақсай бекінісі тұсынан, яғни, қазіргі Махамбет ауданының Ақтоғай ауылының жанынан өткен деп есептейміз.

Енді «көштің құрамында кімдер болды?» деген сұраққа жауап ізделік. Зерттеуші А.Евреинов «алғашқы көштің құрамында Бөкейге көмектескен оның інісі Шығай сұлтан мен Сырым батыр болды» деп жазды. Алайда, көштің құрамында Сырымның болғаны күмәнді. Өйткені, біріншіден, Евреинов аталған жылы көшпен бірге Әлімұлы, Жетіру және Байұлының 5000 шаңырағы көшіп келді деп жаңсақ жазды. Екіншіден, П.Попов генерал Кноррингке жазған хатында Бөкейдің өзі және қоластындағы қазақтар көшіп келді деп нақты көрсетті. Егер Сырым келсе, онда ол Бөкей сұлтан және Сырым батыр көшіп келді деп жазар еді.

Бұдан әрі Жайықтың оң жағалауына өткен көштің алғашқы қыстауы қай жерде болды деген соңғы мәселеге назар аударайық. Бирюковтың жоғарыда аталған дерегіне сүйенсек, Бөкей бастаған көш 1801 жылы Нарын құмын қыстап шығады деп қысқа жазылған. Бірақ, Нарынның қай жері екендігі нақты көрсетілмеген. Біздің ойымызша, Бөкей сұлтан бастаған көштің сол жылғы қыстауы қазіргі Атырау облысының Исатай ауданының аумағынан көп ұзамаған секілді. Өйткені, дәстүрлі қазақ қоғамында қыстау ретінде тұщы су көзі бар (өзен, көл, құдық және т.б.) және мал мен жанға ықтысын болатын қамысты, сонымен бірге, қыс бойы мал жайыла алатын жерлер таңдалды. Осыған орай, Бөкей сұлтанның алғашқы көші, біздің ойымызша, кезінде ну қамысты, бүгінгі күні құрғап қалған Жалтыр көлі мен Каспий теңізінің жағалауында болған. Мұны Бөкей Ордасының тарихын зерттеген П.Небольсин де жоққа шығармайды. Ол өзінің еңбегінде Жәңгір ханның жазбаларына сүйеніп, қазақтар 1801 жылдан бастап (1834 ж. дейін) Каспий теңізінің жағалауындағы қамысты, шөбі шүйгін жерлерді қыстағандығын алға тартады.

Бөкей сұлтанның аталған аймақтағы көшін дәлелдейтін келесі бір айғақ – оның анасының қабірі. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап жарық көрген карталарда Жалтыр көлінің солтүстік жағалауында «Бөкей шешесі моласы» атауында бейіт белгіленген. Халық жадында сақталған аңыз әңгімелер аталған моланың Бөкей сұлтанның анасы екендігін толық қуаттайды. Осы орайда, ресейлік тарихшы К.Серебренитский Жалтырдың жағасындағы Бөкей анасының жерленгендігіне орай сұлтанның алғашқы, яғни, 1801 жылғы қысқы ставкасы жоғарыда аталған көлдің маңында болған деп тұжырымдайды. Зерттеушінің бұл пайымы жоғарыда аталған деректермен толық ұйысады.

Мұхамбетқали КИПИЕВ,

Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына  келтіру және пайдалану жөніндегі  мемлекеттік инспекциясының басшысы.

Related Articles

One Comment

  1. Құрметті Мұхамбетқали!

    Сіз көрсеткен дерек шындыққа жақсы жуықтайтын сияқты.
    Менің ата-бабаларым осы Жалтыр көлдің жағасын мекендеген Майран байдың ауылында болған, Шабанғара бегіс руына жататын Жұбан әулиеден тарайды.
    Ал ұлы нағашыларым сол көлде көрші қоныстанған, жайлауы да, көші де, қыстағы да іргелес болған, Хамит Ерғалиев шыққан тама руы еді.
    Атам Жұбан немересі Қайып ұлы Қалидолла тама Қажбен байдың Жәмәли атты қызына үйленіп, одан Жұмағали, Қайсағали, Тәнзила, Нұрзила атты 4 бала қалды.
    «Атам Қалидолла 15 жасында Петерборға кетіп, елге келіп қазіргі Аққыстаудың қасындағы төбеде 90 нар сиятын қора салып, Петербордағы патша сарайын орнатып, азулы Қажбен байдың Жәмәли атты қызына үйлеген. Әкемнің айтуынша сарай адам білегіндей жуан темір шарбақпен қоршалған. Кейде жағаға үйден үлкен кеме келіп, одан ондаған қоңыраулы күймелер түсіп, келген қонақтар қатысқан жын ойнақ болатын еді. Күйме бізге таңсық емес еді. Өйткені әкеміз алтын қоңыраулы күйме мінетін, алтын түймелі киім киетін», дейтін әкем Қайсағали.
    1917 жылы Қалидолла ставкада өлтірілді. Сол жылы бізге хабар жетпей жатып Қажбен байдың баскесерлері Ақтаудың ақ тасынан салынған «Аққыстауды» қиратып, тонап, сібірдің бөренесінен салынған қораны жағып жіберіп, қызы мен жиендерін алып кетіп, мен Қажбеннің малайы болып шықтым.
    Менің пысықтығымның арқасында, әмеңгерлік жолымен шешемді ағама алып беріп, ауылға зорға оралдым. Немересі қолына тиісімен атам Қайып 1908 жылы туған Жұмағалиды Петерборға оқуға жібереді.
    Жұмағали Петерборда оқып келіп, Бақсай райкомында жұмыс істеді. 1928 жылы «Қазақтарды колхоздастыруға болмайды, әйтпесе мал қырылады, аштық болады» тақырыбында Сталинге хат жазып, оны тұтқындауға келген әскерден әкем құтқарып алып, жиектегі құмға қара үй тігіп жасырып қалған. Оның қарсылығына қарамастан бүкіл кітаптары мен қағаздарын түйеге артып бірге әкелген. Оны күту үшін жас жұбайлардың алдына мал, астына ат берген. Көп ұзамай, өкінішке орай, Петербордан ертіп әкелген ауруы асқынып кетіп Жұмағали дүние салғанын, кітаптар мен оның жазғандары бірге жерленгенғн әкем марқұм айтқан еді.
    Әкем Қайсағали 1932 аштықта, кәмпескеге ілікпей аман қалған әйгілі 2 тазысының арқасында, бір ауылды аштықтан аман алып қалып, сол колхозды басқарады. 1937 жылы «Алашордашы — халық жауы» болып сотталып, 1947 жылдарға дейін айдауда болған.
    Бұрын әкем атам Қалидолла, әжем Жәмәли, Аққыстау туралы «Өміріңе қауіп төндіреді» деп айтпайтын. Тек 1992 жылы өлер алдында ғана қысқаша айтып кетті.
    Әжем Жәмәлидің бейіті Атыраудан 16 шақырым жерде «Қыз әулие» деген атпен белгілі қабірде жерленген.
    Менің ойымша әжем Жәмәлидің Сартоғайда қайтыс болып, Атыраудың қасында жерленуінде қазақтың тарихы үшін маңызды үлкен гәп жатыр. Олар:
    1. Жәмәлидің бейіті Жұмағали жерленген жердің қасында болуы мүмкін. Өйткені «Өлсем ұлымның қасына жерле!»,- деп өсиет қалдырмаса 1948 жылы Сартоғайдан Атыраудың қасындағы 60 шақырым жерге жеткізу өте үлкен шаруа еді. 1928 жылы теңіздің жиегі осы екені сөзсіз!
    2. Қайсағали да Жұмағалиды жасырған киіз үйді әкесі Қалидолланың бейіті көрінетін маңда тігетіні сөзсіз! Демек Жұмағали мен Қалидолланың бейітін табуға болады сол маңнан!
    3. Әкемнің әңгімесіндегі сарай «Аққыстаудың» сипаты Петербордағы «Зимний дворецке» саяды.
    4. Құрылыс техникасын айтпағанда, құрылыс маманы жоқ қазақ даласында ондай сарай салу көп ақшасы, білімі, билігі бар адамның ғана қолынан келеді.
    5. Ахмет Байтұрсынов пен Қалидолла тете құрдас. Олар Петерборда кездесіп, басқа алаштықтармен дос болуы, көрінбейтін қаржылай қолдаушысы (меценаты) болуы мүмкін.
    6. Мен Жәмәлидің бейітін 2008 жылы таптым. Астанаға ұшатын ұшаққа отыруға аз уақыт қалған еді. «Осы маңда бірдеңе болуы мүмкін», — деп айналаны тінте бастадым. Сөйтіп қимасы 50х50 см, биіктігі 2 м жуық беті айнадай жылтыр қара тасты тауып алдым. Тастың 4 қабырғасы толтырылып жазу жазылған. Мен жазу Шағатай тілінде жазылғанын таныдым. Түбін біраз қазып көріп едім, жазудың шегіне жете алмадым. Басында сондай жылтыр шар бар екен. Ол құлап қалыпты. Көтеруге әлім жетпеген соң қарулылау апамды шақырып, екеуміз орнаттық. Уақыт тығыз еді. Кетіп қалдық.
    Қандай таза өңделген тас. Неге соншама көп жазу.
    Уақыт өте келе Ахмет Байтұрсыновтың Шағатай тілінің емлесін жазғаны туралы мәлімет қолыма түскен кезде қаратас қайтадан көз алдыма келді. Петербордағы «Зимний дворецтің» басында шары бар бағандары қара тастың өзі. Ал кемеден түсетін қонақтардың бірі Ахмет Байтұрсынов болса, онда бәрі орнына тұра қалатын сияқты.
    Демек, Қажбеннің қызы Жәмәли оның тұтқыны емес. Ол күйеуін тауып алып жерлейді. Сөйтіп Ахметке «Көсемдерің өлді. Тасы бар. Патша үкіметі түсінбейтін жазумен белгі қойыңдар!», деп хабар береді. Бұл көп жазу Ахмет жазған Қалидолла туралы эссе! Табылса қазақ тарихына қосылатын құнды жазба дерек болар еді!
    Әттең! Тас мен ойлаған орында табылмады. Көрген 3 адам бар: Үміт апам Красногорда, қарындасым Жұмағыз Атырауда, мен Астанадамын.
    «Мүмкін ана жағдайда аннан, мына жағдайда мыннан көрген шығармыз»,- деп бармаған жеріміз жоқ!
    Көмектесіңізші, мүмкін біздің тарихшылар алған шығар зерттеу үшін.
    Зейнеткер, Қазақстанның құрметті құрылысшысы, техника ғылымдарының кандидаты Каюпов Табылды Қайсағалиұлы.
    8-701-522-06-78, tabyldy.k@mail.ru

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button