«Атырау» атауының оралуы
21 ақпанда бұл оқиғаға 25 жыл толады
Бірде облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Төлеубай Төлепбергени телефон шалып, келіп-кетуімді өтінді, ақылдасатын шаруа барын айтты. Төлеубай әңгіменің турасына көшті.
— «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына серпін беру қажеттігі туып отыр. Қадыр аға бастаған тіл жанашырлары қалада көп жұмыс тындырды. Қазақ тілінде тәрбие беретін балабақша санын арттыруда, мүмкіндігі шектеулі жерлерде топтар ашуда, мектептерде қазақ тілінде білім беретін сыныптар мен мектептер қатарын көбейтуде жаяу-жалпы, толарсақтан балшық кешіп жүріп-ақ көп іс тындырды. Сөйтіп, жүрген ынталы топтың жұмыс орындары, телефон байланыстары, аудандарға шығуға көліктері жоқ. Жаңағы мен атаған көп жоқтың сенде бәрі бар. Оның үстіне телевидениең бар. Сондықтан, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасына өзіңді лайық көріп отырмыз.
Менде бұл ұсыныстан бас тартатын шама болған жоқ. Жұмысымның көптігін, уақытымның аздығын айтып көрдім. Ол да менің намысымды қайрап бақты. Болмайтын болған соң мақсатым «Гурьев» атын жою екенін, тек сол мақсатқа қол жеткен-ше істеймін деп айтып салдым. Кейін ойлаймын, сол сөзді құдай аузыма салды-ау деп. Өйткені, бұл соншалықты тез арада жүзеге аса қоятындай емес-тін.
«Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының пленумы шақырылып, мен төраға болып сайландым. Ұйымның жұмыс органы – төралқа құрамы бекітілді. Жұмыс жоспары нақтыланды. Онда қалада бастау алған өрелі істерді одан әрі өрістетіп, аудандарда да осындай іс-әрекеттерді қолға алуды белгіледік. Бұрынғы жоспардан басты бір өзгешелік елді мекен, жер-су аттарын қалыпқа келтіру, қаланың «Гурьев» атауын өзгерту күн тәртібіне қойылды. Осы жылдары қаланың көшелері маркстік-лениндік ілім көсемдерінің есімдерінен, социалистік құрылыс атауларынан арылды.
«Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының жоспарымен, мақсат-мүддесімен досым әрі көршім, қалалық атқару комитетінің төрағасы Нұрпейіс Мақашовпен бөліскенім бар. Ол көп қызығушылық туғыза қоймай, мұқият тыңдап алды да, «сендер мезгілі жетпеген нәрсені босқа жалаулата бермеңдер, басқа да шаруалар жетіп-артылмай ма?» деді.
Ұйым жұмысына жан кірді. Сол кездегі облыс басшысы болған Ғазиз Алдамжаров пен Әнес Бисеновтен облыстық партия комитеті ғимаратының төртінші қатарынан үлкен кабинет алдық. Босалқы жұмыс істейтін төрт адам бірлігіне қаржы, басқа да қажеттерді шештік. Тіл сойылын соғатын «Мұра» газетінің тұсауын кестік. Оның редакторы тәжірибелі де тарлан журналист Әбуғали Ғабдуллин болды. Радио мен телевидение «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын көрсетуден танбады. Ал, қаланың атын өзгертудің маңыздылығы жөнінде өзім сағаттап хабар жүргіздім. Қала тарихын зерттеуші ғалым Хисмет Табылдиев ағамыз да жақсы тірек бола білді. Тағы бір ұтқан жерім – Хабиболла Қуанышқалиді төрағаның босалқы негізде, еңбекақы алып жұмыс істейтін орынбасарлығына қызметке алғаным. Осы қызметте ол елге танылды және атқарушы органдағы барлық міндеті де тілді дамыту қызметімен ажырамас байланыста болды. Тіл мәселесінің проблемаларын, жер-су, елді мекендер мен қала аттарын қалпына келтіру маңыздылығын еліміздің зиялы қауымы өкілдері Шоқан Қаржауов, Берік Қорқытов, Қатира Дүтбаева, Жанаш Нұрмұханов, Құсекен Шәукеновтің алқа отырыстарындағы өрелі әңгімелері, баспасөз бетіндегі мақалалары, белсенді тіл жанашырларының еңбек ұжымдарындағы кездесулері, ондағы «Қазақ тілі» қоғамы бастауыш ұйымдарының мақсатты қызметтері, ақпарат құралдарындағы насихаттық мақалалар ел санасына саңылау түсірді. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеттің ғалым-ұстаздары Құсекен Шәукенов, Қадыр Жүсіп, журналистер Арынғазы Мырзағалиев, Исатай Балмағамбетов, Сабыр Ұзақбай, Парух Марданов, Ұлықпан Базарғалиев, Халел Сағын, Мәлік Оңғалиев және басқалары белсенді қызмет атқарды.
Есіме Қатира Ермекқызы Дүтбаеваның бір ерекше әрекеті оралып отыр. Апамыз заман үрдісіне сай немересін қазақ сыныбына беремін деп жетектеп №12 мектепке алып барады. Мектеп директоры бұл орыс тілінде дәріс беретін мектеп, қазақша сынып жоқ екенін айтып түсіндірген болады. Оған бас ие қоятын Қатира Ермекқызы ма? Кешегі облыстың оқу ісін басқарған жанмен тәжікелескенді ар санаса керек, «сынып ашуға жететін бала жинасаңыз, мархабат» дейді директор. Шамасы «оқу жылы басталып жатыр, қайдан жинай қойсын» десе керек. Апай сол жерде балаларын орыс сыныбына бергелі келген ата-аналарды үгіттеп, оларды райларынан қайтарып, жиырманың үстінде бала жинап, сыныпты аштырады. Осы әрекеттің көптеген жерде қазақ сыныптарын ашуға үлгі, өнеге болғаны бар.
Сәтін салайын дегенге ем бар ма?! 1991 жылы Атырауға мерейлі жасын атап өтуге арқалы ақын Хамит Ерғалиев ағаның келе қалғаны. Үлкен кісіге сәлем беруге немере інісі Ибрагим Әміров, қала басшысы Нұрпейіс Мақашов үшеуіміз бірге бардық. Танысу кезегі маған келгенде «Қазақ тілі» облыстық ұйымының төрағасы қызметін қоса атқарып жүргенімді баяндауым мұң екен, ақын аға елең ете қалды. Мен де тіл төңірегіндегі жасалып жатқан істерді баяндап, қаланың атын өзгертуді көтеріп жүргенімізді, әзірге билік тарапынан қолдау жеткіліксіз болып отырғанын айтып едім, «Кім деп өзгертпексіңдер?» деп қарсы сұрақ қойды. «Атырау» деп жауап бердім. Хамаға орнынан қозғалақтап барып, оң қолының сұқ саусағын Нұрпейіске қарап шошайтқан күйі:
— Тамаша ұсыныс. Сен, маған жиен болатын болсаң, осы ұсынысты қолдайсың. Қолдамасаң, қала Атырау атанбаса, онда менің аяғым бұл қаланы енді қайтып баспайды, — деді гүжілдеген өктем даусымен.
— Тапсырмаңыз орындалады, орындауға тырысамыз, Хамаға,- деді Нұрпейіс. Ұлы адамның ұлылығы деген осы болар, біз жылдап өткізе алмай келе жатқан ұсынысымыздың аз уақыттың ішінде қолдау таба қалғаны. Осыдан бастап облыс, қала басшылығының іс-әрекеті біздің пікірімізбен бір арнада тоқайласты. Бір айта қаларлығы Хамаң «Гурьев» деген атаудың жойылып, «Атырау» атанғанын естіп қуанды, бірақ, гүлденген әсем қаланы көре алмай кетті.
Қаланың «Гурьев» атауын өзгертуге өз үлесін қосқан жанның тағы бірі – облыстық газеттің сол кездегі бас редакторы Теңдік Жауырұлы. Ол «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төралқа мүшесі ретінде отырыстардың бәрінен қалмайтын. Табиғаты сақ, «жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» ағамыз «Коммунистік еңбек» атанып келген облыстың қоғамдық-саяси газетінің атауын «Атырау» деп, қала атын өзгертуден бұрын бастап жіберді. Бұл – Тәкең ағамыздың ерлігіне балауға болатын әрекет. Сол жылдардағы халықтың белсенділігі, ұлтжандылығы, туған тілге деген қамқорлығы ерекше болатын. Бүкіл елдің рухы өсіп шарықтаған, белсенділігі артқан кез еді. Егер сол қарқын шабан тартпағанда ұлтымызға қатысты проблемалық мәселелер шешіліп қалар еді.
Қала атын «Атырау» деп өзгерту қалалық кеңес отырысының күн тәртібіне енетін болған соң сақтық шараларын алуымызға тура келді. Себебі, көрші облыстарда болып жатқан оқиғалардан хабардармыз. Бастысы ұлт араздығын туғызып алмау керек. Депутаттар бұра тартпауына ықпал ету үшін қалалық кеңес сессиясы өтетін, қазіргі қалалық әкімдік ғимаратының алдындағы шағын алаңға университет студенттерін бастап шығуды Қадыр Жүсіп пен Құсекен Шәукеновтен сұрадық. Олар құп алды. Дау көтере қалған адам болса орнықты жауап беретін ел зиялылары мен «Қазақ тілі» ұйымының белсенділері, қазіргі облыстық әкімдік ғимаратында бас қостық. Көңілде «Не болып кетер екен?» деген алаңдаушылық та жоқ емес. Бірақ, талабымыздың оң екеніне өзіміз сенімдіміз.
Сессия басталар сәтте межелі орынға студенттерін ертіп, қолдарына ұрандар ұстаған университеттің оқытушылары мен студенттері жетті. Сессияның күн тәртібін бекіту біраз қызу көтерді. Осы кезде алаңды кернеген жастардың «Атыраулап» салған айқайы сессия залына анық естіліп, кейбір өрекпігендерді сабасына түсірді. Жаға бойында көрінген аз ғана өзге ұлт өкілдері жастарды көріп жайына тарқасты. Ауыр артиллерия – ел зиялыларын көшеге шығару қажеттігі тумады. Нұрпейіс Мақашұлының депутаттар алдындағы беделі істі оң шешуге мүмкіндік берді. Осылайша ойлаған мақсат-мұратымызға жеттік, сессия шешімін естігенімізде ес қалмады. Көзімізден қуаныш жасы парлап, «ураладық». Еліміздің даңқын асқақтатып тұрған мұнайлы қала, құдайы қолдаған қала – «Атырау» атағына ие болды. Күн санап жайнап, жасара түскен қаламыз халқымыздың асқақ рухын биіктете түсуде. Қаламыздың «Атырау» атануының мен білетін шындығы осындай.
Айтқали НҰРҒАЛИЕВ,
1990-1992 ж.ж. «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы.