Атырау-Астрахан жолының құрылысы басталады
Бұл туралы бүгін Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «Жайық» спорт кешенінде жергілікті халықпен кездескенде айтты. Өңір басшысының есебін тыңдауға халық көп жиналды.
Өз баяндамасында Нұрлан Ноғаев экономиканы әртараптандыру мен ауыл шаруашылығын дамытудың маңыздылығын атап өтті.
— Менің алдымда қызмет еткен Бақтықожа Ізмұхамбетов мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығын белсенді дамыту жолын таңдаған, — деді Н.Ноғаев. Осының арқасында облыста ешкі сүтін өндіретін зауыт, жүн өңдейтін кәсіпорын, бөдене фермасы секілді Қазақстанда баламасы жоқ жобалар пайда болды. Әзірге облыс бойынша, 7,6 мың гектар жер көкөніс, дәнді-дақыл және бақша дақылдарын өсіруге пайдаланылуда. Соңғы үш жылда 17 ауылшаруашылық жобасы жүзеге асырылуда және 643 жаңа жұмыс орны ашылды. Тамшылатып суару жүйесі 1 927 гектар алқапта қолданылуда. Әкімнің айтуынша, облыс халқын маусымаралық көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін жалпы аумағы 12,5 гектар болатын 32 жылыжай жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, өңір басшысы 2016 жылы облыста 167,5 шақырым автожолға жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтты. «Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, 2017 жылы атқаратын нақты міндеттеріміз бар. Атап айтқанда, «Атырау-Астрахан» автожолының құрылысы», — деді Н.Ноғаев.
Бұрын жолға қажетті материалдардың жеткізу көлемінің аз болғандығынан облысымыздағы жолдар құрылысы біраз қиындықтарға тап болды. Осыған орай, ҚТЖ-мен жеткізу вагондарын көбейту туралы келіссөздер жүргіздік, енді жақын арада бұл мәселе жақсара түседі. Бұрын облысқа құм, қиыршық тас, керамзитті аз ғана көлемде әкеліп, құрылыс уақыты ұзаққа созылатын. Енді ҚТЖ жәрдем көрсетіп, вагондар санын арттырды. Сонымен бірге Нұрлан Ноғаев 2017 жылға Атырау облысында 302,5 шақырым автожол құрылысы жоспарланғанын атап өтті.
Қазақпарат