«Атырау аруы-2017» байқауы үш кезеңмен өтеді
Биылғы «Атырау аруы-2017» байқауы үш кезеңмен өтеді. Ал, шараны облыстық әкімдіктің қолдауымен «Сән әлемі» қоғамдық қоры және «VeroModelz» сән студиясы бірігіп ұйымдастырып отыр.
Сонымен, байқау 10 қыркүйек пен 18 қараша аралығында болмақ. Үш кезеңнің біріншісі – іріктеу туры (кастинг) деп аталады. Байқауға қатысу үшін өтінімдер 18-19 қазанға дейін missatyrau_official ресми инстаграм парақшасына тіркелу арқылы немесе veromodelz@mail.ru почтасына жіберу арқылы қабылданады.
Ашық кастинг (өтінім берушілер ішінен) 18-19 қазан күні, сағат 11:00-де өтеді. Іріктеу турында байқаудың финалына қатысу үшін 20 қыз таңдап алынады.
Байқауға 16 мен 24 жас аралығындағы модельдік келбетті, бойы 170 см.-ден аласа емес, тұрмыс құрмаған, баласы жоқ, ұлтына қарамастан Қазақстан азаматтығы бар барлық қыздар қатыса алады.
Сонымен қатар, қатысушы арулардың талпыныстары болуы маңызды. Байқау барысында олар даярлықтарға, фотосессияларға қатысады, хореограф және сахналық сөйлеудің шеберлері және шоу қоюшылармен жұмыстар жүргізіледі, байқаудан тыс түрлі бағдарламаларға қатысады.
Биылғы жылы «Атырау аруы-2017» байқауына қатысушылар тіркелу жарнасын төлемейді, барлық шығындар ұйымдастырушылар мен демеушілердің есебінен жүзеге асырылмақ.
Екіншісі — дайындық кезеңі деп аталады. Ол 20 қазан мен 15 қараша аралығында өтпек. Бұл кезеңде арулар түрлі фотосессияларға, арнайы курстарға (хореография, дефиле, сөйлеу мәдениеті және т.б.), жарнамалық және қайырымдылық акцияларына, спорттық жарыстарға қатысады.
Үшінші кезең – байқаудың финалы. Ақтық мәре облыстық Махамбет атындағы драма театрда 15 қарашада өтеді деп жоспарлануда. Мұнда қыздар «Қазақстан аруы-2017» байқауына қатысу үшін сынға түспек. Жеңімпазды қазылар алқасының мүшелері таңдайды. Ал, оның құрамында байқаудың бас демеушілері мен серіктестіктің өкілдері енген. Сонымен қатар, биыл интернет арқылы дауыс беру іс-шарасы ұйымдастырылады деп күтіліп отыр.
Айқара Ғұмар