Атырау қаласының әкімі облыс орталығын абаттандырудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды
Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттұмұратұлы аппараттық кеңес барысында облыс орталығын абаттандырудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бүгін жиында қала басшысы Атырау қаласын көгалдандыру мен абаттандыруға қатысты бірнеше мәселені көтерді. Атап айтқанда, Алимұхаммед Құттұмұратұлы жасыл екпелерді суару, ағаштарды кесу, сәндік гүлдер отырғызу және шағын архитектуралық құрылыстар орнату мәселелерін қозғады.
— Қала тұрғындары тарапынан ағаштар мен бұталы өсімдіктерді суарудың нашарлығына өте көптеген реніштер айтылуда. Қазір орталық көшелердің өзінде қураған жасыл екпелерді байқауға болады. Суаруға арналған барлық су құбырларының дұрыстығын, су қысымының деңгейін тексеру қажет. Егер тамшылатып суару жүйесі қаламызға жарамайтын болса, онда әдеттегі су құбырын жүргізіңіздер, біздің міндетіміз – барлық жасыл екпелерді сақтау, — деді қала әкімі.
Сонымен қатар, Алимұхаммед Құттұмұратұлы облыс орталығының эстетикалық безендірілуінің сәнсіздігін, шағын архитектуралық кескіндерді жобалау және қаланы көгалдандыру мен сәндеу кезінде ортақ жүйенің жоқ екенін айтты.
— Қала тұрғындары соңғы кездері қаланы безендіруге қатысты наразылықтар білдіруде. ТКШ бөліміне қаланы көгалдандыру және абаттандыру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын. Облыс орталығын безендіруге арналған архитектуралық нысандар мен жасыл екпелер қаланың стилі есебімен орнатылуы қажет және үйлесімсіз көрінбеуі тиіс, -деді Алимұхаммед Құттұмұратұлы.