Жарнама
ЖаңалықтарҚұқық

Қате жасалған құжаттар

Атырау ішкі мемлекеттік аудит департаменті мен тексеру комиссиясының аудит барысында заң бұзушылықтар мен кемшіліктерге кезігіп жататыны жасырын емес. Сол себепті олар облыс әкімінің тапсырмасы бойынша әр сала қызметкерлеріне іс барысын түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алған.

__ате жасал__ан ____жаттар

Соның бірі – Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткен шара. Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Еркебұлан Мараимов төрағалық еткен  жиынға өңірдегі денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері қатысты. Әсіресе, мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік мүлікті пайдалану ісіне қатысты заңдылықтар түсіндіріліп, тыңдаушылар сауалдар қойды.

Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Болат Анжанов аудит барысында қаржылық есептің қағидаларына сәйкес мемлекеттік шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорындар туралы баяндама жасады. Ол жыл сайын 31 тамызға дейін өздерінің қаржылық есепті тапсыру кезінде бухгалтерлік баланс, табыстар мен кірістер туралы есептерді және түсіндірме жазбаны тапсыру жайлы айтты. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу туралы заңдылықтардың өзгергеніне, өткен жылдардағы ішкі аудит департаментінің атқарылған жұмыстарына тоқталды.

Жиында Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Руслан Бектемір қатысушыларды көкейлеріндегі сауалдары мен ұсыныстарын ашық айтуға шақырса,  тексеру комиссиясының мүшесі Асылан Құмаров құқық бұзушылықтар жиі кездесетін мемлекеттік аудит объектілерінің құқықтары мен міндеттерін түсіндірді. Жергiлiктi бюджеттiң атқарылуын сыртқы мемлекеттiк қаржылық бақылауды жүзеге асыру, жыл сайын тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң мәслихаттарына жергiлiктi бюджеттiң атқарылуы туралы жылдық есептi ұсыну және бұдан басқа да функциялар жүктелген тексеру комиссиясы заң бұзушылықтарға жол берілгеннен гөрі, оның алдын алу әлдеқайда тиімді екенін айтады.

Ал, облыста жергілікті бюджетке қарасты 800-ден аса мекеме бар екенін мәлімдеген облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Серік Демегенов мемлекеттік мүлікті есептен шығаруға қатысты 117 мың өтініш құжаттың бес мыңы ісқағаздарында жіберілген қателіктерге байланысты аяқсыз қалғанын мәлімдеді. Яғни, құжаттардың тиісті қағидаға сәйкес келмеуіне байланысты мүліктер есептен шығарылмаған. Сондай-ақ, ол «Мемлекеттік сатып алу порталында мемлекеттік сатып алудың әр түрі бойынша нұсқаулық ретінде видеороликтер болса, іс атқару барысы әлдеқайда жеңілдер еді» деген ұсынысын айтты.

Мемлекеттік сатып алуға қатысты жол берілетін заңсыздықтардың көпшілігі мекеме басшысы мен есепшісінің мүлікті сатып алу туралы ережені дұрыс білмеуі салдарынан орын алатындықтан, сатып алу туралы  заң ережесінің екі жыл сайын өзгеріп тұратынын ескеру қажеттігі ескертілді.

Квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі қалдықтар туралы қойылған сұраққа тексеру комиссия мүшесі А.Құмаров жауап берді. Ол бюджет кодексінің 97-бабының талабына сай есепті кезеңнің соңында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шоттарындағы қалдықтар пайдаланылмаған қаражат болып табылатынын және бюджеттік бағдарламалардың тиімсіз атқарылуына жататынын айтты. Сондай-ақ, қатысушылар тарапынан мемлекеттік сатып алу бойынша қойылған сұрақтарға ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Е.Мараимов жан-жақты жауап берді.

Жиын барысында Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Балкенже Барсаева, Денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің бас маманы Әсел Берденова, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Серік Мүсен, Атырау облысы бойынша қазынашылық департаментінің бөлім басшысы Любовь Калмыкова жұмыс барысында жиі кездесетін кемшіліктер бойынша өз ұсыныстарымен бөлісті.

Мәлике Мәлік

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button