АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК: 10 сұраққа – 10 жауап
Atr.kz/23 қазан, 2019 жыл. Ел арасында атаулы әлеуметтік көмекке қатысты жаңадан жасақталған заң жобасы қызу талқыға түсуде. Соның ішінде, әлеуметтік желіде желдей ескен жалған ақпараттың салдарынан жұртшылық мәселенің анық-қанығын түсінер емес. Осы орайда, біз маңызды тақырыпқа қатысты ең көп жиі қойылатын он сауалға арнайы мамандардан нақты жауап алған болатынбыз.
Атаулы әлеуметтік көмек деген не?
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек – бұл шартсыз және шартты ақшалай көмек түрінде облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген айлық табысы кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға мемлекет тарапынан ақшалай нысандағы төлем.
2020 жылы мемлекет кімге және қалай көмектеседі?
Ең басты принцип – мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға, әсіресе балалар мен көп балалы отбасыларға көмектеседі. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Оған көп балалы отбасыларды қолдау, аз қамтамасыз етілген отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакеті кіреді.
Атаулы әлеуметтік көмек: заңдық негізі
Қолдаулар 2 0 0 1 жылы қабылданған ҚР «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңы аясында жүзеге асырылып келеді.
Ауыл тұрғындарына атаулы әлеуметтік көмекті қалай ресімдеуге болады?
Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін тұрғындар ауылдық округтердегі әкімдіктерге хабарласа алады. Ал, аудандарда халықты жұмыспен қамту орталықтарындағы кеңесші мамандардың көмегіне жүгінуге болады.
Көп балалы отбасылар мемлекеттік қолдау шаралары туралы қайдан біле алады?
Бүгінгі таңда көп балалы жанұяларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер туралы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, министрлік сайттарында тұрақты түрде мәліметтер беріліп, ақпараттандырылып жатыр.
Балаларға көмек: АӘК қай жастан бастап алуға болады?
Атаулы әлеуметтік көмек отбасы жағдайына қарай тағайындалады, яғни, аз қамтылған жанұяларға беріледі. Егер оқу оқыса, баланың жасы 23-ке дейін есептеледі, ал, ешбір жерден білім алып жатпаса ересек болып саналады.
Көмек кімге тағайындалады және ол қалай есептеледі?
Біріншіден, аз қамтылған отбасына, яки, жанұялық жиынтық табысы кедейлік шегінен төмен болған жағдайда тағайындалып, төленеді. Биыл осындай отбасылардағы әрбір балаға 20789 теңге көлемінде берілді. 2020 жылдан бастап әр балаға белгіленген сома болмайды, барлығына бірдей отбасының жиынтық табысы мен кедейлік шегінің айырмасы төленетін болады. Көп балалы отбасыларға арнайы мемлекеттік жәрдемақы енгізіліп отыр.
АӘК тағайындау үшін қандай құжаттар қажет?
Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін бір ғана құжат, яки, өтініш керек. Бірақ, егер жұмыспен қамту орталығындағы ақпараттық жүйеде арыз беруші туралы мәліметтер анықталмаса, онда қосымша ақпарат ұсынуға міндетті.
Атаулы әлеуметтік көмекті кім ала алмайды?
Біріншіден, отбасының жиынтық табысы кедейлік шегінен жоғары болғандар ала алмайды. Екіншіден, мемлекеттің толықтай қамқорлығы мен қарамағындағыларға (интернатта оқитындар, әскердегілер, бас бостандығынан айырылып, түзету колонияларында жазасын өтеушілер) берілмейді.
АӘК 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қалай өзгереді?
Ең алдымен, отбасының жиынтық табысы мен кедейлік шегінің айырмасы төленеді. Ол барлығына бірдей беріледі. Екіншіден, келесі жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тоқсан сайын тағайындалады. Бұрын шартты көмек бір жыл, шартсыз көмек алты айға тағайындалатын. Үшіншіден, көп балалы отбасына берілетін мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қосылады. Қаңтардан бастап отбасының еңбекке қабілетті мүшесі жұмыспен қамту шараларынан бас тартқан жағдайда бұл жанұяға атаулы әлеуметтік көмек мүлдем тағайындалмайды.
2018 жылы
жан басына шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен отбасыларға осы мұқтаждық шегі мен жан басына шаққандағы табыстың айырмасы ретінде отбасының әр мүшесіне төленді.
2019 жылы
мұқтаждық шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан 70 пайызына дейін көтерілді. Осыған орай, АӘК алуға 20 789 теңгеден төмен жан басына шаққандағы табысы бар отбасылар құқылы
2020 жылы
көп балалы отбасылар үшін республикалық бюджет есебінен мемлекеттік жәрдемақы, аз қамтылған жанұялар үшін қосымша әлеуметтік кепілдендірілген пакет, атаулы әлеуметтік көмек критерийі өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы көлемінде қалады
Айбөпе САБЫРОВА