«Атамекен» экспедициясы: тұтіні түз ұшқан туған ауыл тұрмысы түзеліп, даласы төрт түлікке тола бастады
Газетіміздің өткен нөмірінде хабарланғандай, «Атамекен» экспедициясының сапары Есбол және Ақжайық ауылдарында жалғасын тапты. Осы жолы аймақтың ауыл шаруашылығы саласына сүбелі үлес қосып отырған кәсіпкерлермен әңгімелесіп, ісі ілгері басқан шаруашылықтарымен танысуға мүмкіндік алдық.
ҚАЛА МЕН АУЫЛДЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ ЖОҚ
Ақжайық ауылы – тәуелсіздіктің тұсында көркейіп, дамып келе жатқан елді мекеннің бірі. Ол облыс орталығынан жүз шақырым қашықтықта орналасқан. Ауылдың іргетасы 1977 жылы «Заурал» совхозының №1 фермасынан бастау алып, кейіннен «Ақжайық» тұқым совхозының орталығы болып қаланған.
Өткен жылдармен салыстырғанда адам танымастай жаңарған ауылда бір мың үш жүзге тарта тұрғын бар. Ауыл халқының басым көпшілігі егін егумен, мал шаруашылығымен айналысады. Тоғыз жеке қожалық шаруасын дөңгелетіп отыр. Халыққа 4 дүкен, 1 кафе, 1 шайхана қызмет көрсетеді. Оның ішінде 2002 жылы құрылған «Дастан» шаруа қожалығы ауыл тұрғындарын ғана емес, облыс жұртшылығын да бақша, көкөніс өнімдерімен қамтуда. Тамшылатып суару, жылыжайды үйлестіру бойынша да аталмыш қожалықтың ісі ілгері жылжып келеді. Кәсіпкерлер Тайсойған құмына дейінгі аралықты шаруашылыққа пайдаланып отыр. Қазір ауылда мал басы да өскен. Аталмыш қожалық пен «Есжанова» жеке кәсіпкері және «Бақтыгерей» дүкені жыл сайын үлкен-кішіге жомарттық танытып, үлгілі істің ұйытқысы болып отыр. Ауылда тұратын отызға жуық мүмкіндігі шектеулі жанға да аталған үш кәсіпкер қамқорлық танытып жүр. Әкімдікке бірден кіріп барғанша, әуелі көшедегі тұрғындарды әңгімеге тартуды жөн көрдік.
Өзін Ермек деп таныстырған тұрғын «ауылда ұзақ жылдардан бері тұрып келе жатқанын айтты. Сондықтан, оған туған жерінің әрбір тасы мен терегі қымбат. Төрт баласы бар. Үшеуі мектепте оқиды. Кенжесі екі жаста. Жұбайы бала тәрбиесімен үйде отыр.
— Мамандығым – кран жүргізушісі. Бес-алты жылдан бері вахталық әдіспен бір ай жұмыс жасап, бір ай демаламын. Басқа амалымыз жоқ. Осылай ел қатарлы күн кешудеміз. Өзім қатарлас ауыл жігіттерінің көпшілігі осындай жұмыста. Қызмет іздеген кісіге ауылдан да табылады. Бірақ, отбасын толық қамтамасыз ете алмайсың. Ауылдағы жалақы аздау ғой, — дейді ол бізбен емен-жарқын әңгімелесіп.
«АҚЖАЙЫҚ» ӘЛІ КӨРКЕЙЕ ТҮСПЕК
Ең бастысы, ауылға қатынайтын жол тақтайдай теп-тегіс. Бұл әсіресе, кәсіпкерлерге шаруашылықтарын дамытуға тиімді болып отыр. Барлық үй көгілдір отынмен қамтылған. «Ақбұлақ» бағдарламасы да әр шаңыраққа өз ырыздығын беруде. Ауылды түгел қамтитын жазғы су құбыры тартылып, әр тұрғын ауласында жеміс ағаштарын егіп, бау-бақша салуда. Ауылға кірме жол, көшелерге асфальт тартылып, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салыныпты. Ендігі кезекте аудан орталығымен қатынасу қиындығы ескеріліп, Жайық өзеніне тіке шығатын көпір салынып жатыр. Алыстан көзге түсетін мәдениет үйіне қарасаң көзің тоймайды. Жаңа емхана, ойын алаңы, демалыс паркі, мамандарға берілген қызметтік пәтерлер… – бәрі-бәрі ауыл халқы үшін бұрын болмаған тың жетістіктер.
Ақжайық ауылының әкімі Сайлаубай Жұмағалиев дәулетіне сәулеті қосылған аймақты алдағы уақытта да қызу еңбек, қайнаған тірліктің ортасына айналдыруды көздейді. Оның айтуынша, шағын және орта бизнесті дамыту үшін жол бойына кафе, мейрамхана, көлік жөндеу орындарын салу жоспарланған. Ауылды дамыту бағытында «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы негізінде шағын несие беру, ауылға қажетті кәсіп түрлерін көбейту, жұмыссыздық мәселесін шешу үшін әр отбасының мүшелерін зерделеп, бейіміне қарай Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру идеясын да басты назарда ұстап отыр. Енді бұл ауылдың балаларына арналған үлкен спорт кешенінің құрылысы басталмақ. Ағымдағы жылдың мамыр айында құжаттық жұмыстары нақтыланыпты. Екі-үш жылда пайдалануға берілетін нысанға жас мамандар қажет болатыны сөзсіз.
ЖАҢАРҒАН «ҚЫЗЫЛҮЙ» МЕКТЕБІ
Атыру өңірінде алғашқылардың бірі болып негізі қаланған білім ордасы – Қызылүй орта мектебіне де келіп жеттік. Сонау 1881 жылы Ақжайық топырағының Есбол сайында қызыл тастан бой көтерген Қызылүй орта мектебі бүгінде атауын өзгертпей, заманға сай өз қызметін атқарып келеді. Тарих қойнауына талай сырды бүгіп жатқан білім ордасынан айтулы тұлғалар түлеп ұшқан. Біз сапарымыз барысында топырақ болып үйіліп жатқан ең алғашқы ескі мектептің орнында болып, тарихқа көз жүгірттік. Көне мектептен бітірген түлектер оқу орнының 130 жылдық мерейтойында еске алу шарасын ұйымдастырып, жез қоңыраудан ескерткіш орнатып кеткен екен. Бірден көзге түскен жәдігер сол болды. Мектептің тарихы қазақтың тұңғыш ағартушысы Ы.Алтынсаринның ұйымдастыруымен әр уезде ашылған оқу орны қатарында аталады. Кезінде «екі басқышты орыс-қазақ мектебі» деп әйгіленген Есболдың «Қызылүйі» – осы.
Ғасырдан астам уақыт ішінде мектепті мыңдаған түлек бітіріп, еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі басшылық қызметтерде, өнерде, білім-ғылым саласында еңбек етті. Олардың ішінде Ғұбайдолла Бердиев, Бисенғали Исабаев, Зұлқарнай Шәкіліков, Ыбыраш Қорқытов, Жұмабай Қартқожақов, Молдағали Жанахметов, Қосжан Жұмалиев, Қазмұхамед Қарашин, Ғабдолла Қожаров, беріректе Бердеш Жұмалиев, Хамит Карешов, Жайғали Жұмашев, Аққали Мырзағалиев, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Мұрат Өтешов, Елеукен Мұстафин және тағы басқаларының есімдерін атауға болады.
Жоғарыда атағанымыздай, облысымыздың бұрынғы әкімі, қазіргі ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтың аталмыш мектепті бітіргеніне биыл елу жыл толыпты. Соған байланысты соңғы қоңырау салтанатында Бақтықожа Салахатдинұлы өзі тәмамдаған қазіргі Қызылүй орта мектебінің биылғы мектеп бітірушілеріне сәттілік тілеп, жеделхатын жіберіпті. Мектеп оқушылары мен мұғалімдері алдында мектеп түлегінің сәлемдемесін жеткізген ауыл әкімі Сайлаубай Дүйсенбіұлы Бақтықожа Салахатдинұлының өскен ортасына, білім алған ордасына әркез ыстық ықыласын білдіріп жүретінін ерекше әсермен әңгімеледі. Туған жерге, елге деген ықылас қазіргі жастардың бойынан да табылса екен дерсің.
(Толық нұсқасын газетімізден оқи аласыздар).