
Ата Заң қалай қабылданды?
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін жас мемлекеттің аса маңызды институттарын қалыптастыруға құлшына кіріскен болатынбыз. Жедел дайындалған алғашқы Конституция өмірге 1993 жылдың қаңтарында келді. Алайда, көп ұзамай бұл Заңның шикілігі анықталып, екі палатадан тұратын парламенттік, басқа да жаңа құрылымдарды ескеретін жаңа Ата Заңның қажеттілігі туындады. Оның жобасы 1995 жылдың басынан бастап бүкіл елде қызу талқыға түскені есімде.
Үкілі үміт зор еді
Сол кезде облыстық мұғалімдер институтының директоры болып істей жүріп, осы аса маңызды саяси шараның дайындығы мен қабылдануына бір кісідей-ақ үлес қосқан едім. Жаңа Конституция қабылданбас бұрын сол кездегі ел астанасы – Алматы қаласында республиканың басты салалары өкілдерінің активтері өткізілді. Сол жоспарға сай 1995 жылдың 13-15 мамырында Алматы қаласындағы бұрынғы обком ғимаратында өткізілген республика білім саласы қызметкерлері активінің салтанатты жиналысына қатысқанымды зор ризашылықпен айтқым келеді. Елдің тәуелсіздігіне қолымыздың жеткеніне небәрі бірнеше жыл өткен сол кез – әрбір қазақстандықтың болашаққа деген үкілі арманын жетелеп, бірінші Президенттің есімімен небір тамаша жетістіктерді байланыстырып жүрген уақыт еді-ау сол мезгіл, шіркін!
Әлі есімде, сол жиналысқа облыс атынан облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Қатимолла Ризуанов, облыстық білім басқармасының бастығы Жайлы Өмірбекова, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Хисмет Табылдиев, КСРО халық мұғалімі Құсиын Айтқалиев, Жылыой аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Мәжит Сағиев, тағы басқа ағарту саласының қызметкерлері, бас-аяғы 20-ға жуық адам қатыстық. Төралқада төрт адам – республика Президенті, Премьер-Министр, Премьер-Министрдің орынбасары, Оқу министрі отырды. Жиналысты басқарған И.Тасмағамбетов жаңа Конституцияның мазмұнына шолу жасап, қатысушыларды Ата Заң жобасымен жергілікті жерде қалың бұқараны жіті таныстыруға шақырды. Содан кейін сөз алған Бірінші Президент баяндамасында тек республиканың оқу-ағарту ісінің жай-күйіне тоқталып, 1 сағат 12 минутын алдындағы қағазына қарамастан айтып шықты. Жиналысқа қатысқан 600 адам селт етпестен тыңдап, баяндама аяқталғасын ұзақ қол шапалақтаумен болды…
Содан бері табаны күректей отыз жыл уақыт өтсе де, сол кездегі халықтың мемлекет басшысынан күтері көп еді. 16 мамырда Атырауға оралып, референдум өткізу үшін дайындық жұмыстарын бастап кеттік. Мұғалімдер институтының үйінде орналасқан сайлау учаскесін басқарып, референдумды 30 тамыз күні ойдағыдай өткіздік.
Қазіргі ұрпақ үшін…
Елдің негізгі заңы – Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданып, 5 қыркүйек күні заңды күшіне енді. 9 тараудан, 99 баптан тұратын Конституция – мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат. Ол мемлекеттілік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізі боларлық принциптерін орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның екінші Конституциясы, алғашқысы 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған еді.
Ата Заң бойынша Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде жариялады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет болғандықтан, біздің елде мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық, ол билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы, сондай-ақ өз билігін мемлекеттік органдарға беру арқылы жүзеге асырады. Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және республика аумағында тікелей қолданылады. Республика бекіткен халықаралық шарттардың республика Заңдарынан басымдығы бар. Қазақстанда идеологиялық және саяси әралуандық танылады.
Мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылып, бірдей қорғалады. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі, меншік құқығын халық атынан мемлекет жүзеге асырады. Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі, бірақ мемлекеттік мекемелер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі мемлекеттік тілмен тең қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды.
Өзгертулер мен түзетулер: ол қандай?
— Қазақстан Конституциясына алғашқы түзету 1998 жылдың 7 қазанында енгізілді. 19-баптағы Президенттікке кандидаттың жас шегі 40-қа дейін көтеріліп, 65 жасқа дейінгі шектеу алынып тасталды. Президент өкілеттігі жеті жыл мерзімге ұзартылды. Парламент Мәжілісі депутаттарының саны 67-ден 77-ге дейін артты.
— Ал, 2007 жылдың 21 мамырында енгізілген өзгерісте ел Конституциясына Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы екені жазылды. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленді.
Президент енді 7 жыл емес, 5 жыл мерзімге сайланатын болды. Ал, президенттікке кандидат Қазақстанда кемiнде 15 жыл емес, соңғы 15 жыл бойы тұруы керектігі айқындалды. Бiр адам қатарынан екi реттен артық президент болып сайланбайтыны, бірақ бұл шектеу Қазақстанның тұңғыш Президентіне қолданылмайтыны жазылды. «Республика Президентi өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезеңiнде саяси партиядағы қызметiн тоқтата тұрады» деген тармақ жойылды. Парламент Мәжілісі депутаттарының саны 77-ден 107-ге дейін артып, 98 депутат жалпыға бірдей, тең және төте сайланатыны, қалған 9 депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтыны жазылды.
— Үшінші толықтыру 2011 жылғы 2 ақпанда жасалды. Ол жолы Ата Заңның 41-бабы «Президенттің кезектен тыс сайлауы Президент шешімімен тағайындалады және конституциялық заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде өткізіледі» деген тармақпен толықтырылды.
— Арада алты жыл өткенде, яғни 2017 жылдың 10 наурызында Конституцияға енгізілген өзгерісте Президенттің бірқатар өкілеттігі биліктің басқа тармақтарына берілді. Азаматтықтан айыруға террористік қылмыстар жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне, өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімімен ғана жол берілетіні жазылды.
— 2019 жылдың 23 наурызындағы енгізілген өзгеріс сол жылғы 19 наурызда тұңғыш Президенттің мерзімінен бұрын өкілеттігін тоқтататуына байланысты енгізілген. 20 наурыз күні Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының сол кездегі төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, Президенттің міндетін уақытша атқаруға кірісті. Сол күні оның ел астанасын «Нұр-Сұлтан қаласы» деп өзгерту жөніндегі ұсынысы Парламент тарапынан қолдау тапты. Заңға 23 наурыз күні Президент қол қойды.
— 2022 жылы 5 маусым күні өткен жалпыұлттық референдум нәтижесінде Қазақстан Конституциясының 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені атап көрсетілді. Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісінің басшылары лауазымдарын атқаруға және Президент өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болуына тыйым салынды. Мемлекеттік хатшы лауазымы жойылып, орнына «Мемлекеттік кеңесші» лауазымы құрылды. Конституциялық сот қайта құрылды. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып құрылды. Өлім жазасына тыйым салынды.
Парламент Мәжілісінің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша жасақталады. Мәжіліс депутаттарының саны 107-ден 98-ге қысқарды. Сенаттағы президенттік квота қысқарды, Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы жойылды. Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді.
Тұңғыш президенттің ерекше ролі мен артықшылықтары туралы ережелер алынып тасталды.
— Конституцияға соңғы рет өзгеріс енгізілуі негізінен, сол жылғы 17 қыркүйекте Қазақстанның елордасына Астана атауы қайтарылуымен байланысты еді. Сонымен қатар, Президент 5 жыл емес, 7 жыл мерзімге сайланады деген өзгеріс қайта енгізіліп, бір мерзімге ғана сайланатыны және бұл ереженің енді өзгермейтіні айқындалды. Конституциялық соттың өкілеттігі 6 жылдан 8 жылға дейін көтеріліп, бір судья тек бір рет тағайындалатыны жазылды.
Шахман НАҒЫМОВ, педагогика ғылымдарының кандидаты, Ы.Алтынсарин медалінің иегері